Елде капитал нарығын дамытудың жаңа тетіктері пайда болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен, нарыққа қатысушылармен және сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, 2026-2030 жылдарға арналған жаңа құжат әзірледі.
Даму бағдарламасының бір бөлігі шағын және орта бизнесті акция нарығына шығу кезінде қолдауды көздейді. Әрі листинг демеушілерінің институты енгізіледі.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Қазақстан капитал нарығын жаңаша дамытады. Ол үшін бірқатар ереже қайта қаралды. Саланы реттейтін құжат жобасы дайындалып, 7 бағыт, 35 бастама қамтылды. Негізгілері мынадай:
Қор нарығы арқылы қаржы тартуды тек ірі компанияларға емес, шағын және орта бизнес үшін де қолжетімді ету көзделеді. Шағын кәсіп иелеріне биржаға дейін жетелейтін демеуші беріледі. Осы листинг демеуші эмитентті сүйемелдеп, одан әрі инвесторлармен өзара іс-қимылын үйлестіруге көмектеседі.
ЦИТАТА: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі:
- «Заң жобасын қабылдау капитал нарығының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, эмитенттердің қаржыландыруды тарту жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге, инвесторларды қорғауды күшейтуге және өтімділіктің өсуі мен қазақстандық нарықты халықаралық қаржы жүйесіне интеграциялау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді».
Иә, биржаға шығу күрделі һәм қымбат процесс екені мәлім. Енді IPO шығыстарын салықтан шегеру ұсынылды. Тағы бір бастама – жария компаниялар үшін корпоративтік табыс салығын уақытша төмендету. Квазимемлекеттік сектор өз акцияларын халық үшін арнайы резервтейді. IPO кезінде акциялар бастапқыда бөлшек инвесторларға жіберіледі. Егер халық тарапынан сұраныс артса, бөлшек траншты ұлғайту қарастырылады. Қазақстан мемлекеттік исламдық бағалы қағаздар шығаруға дайындалып жатыр. Ол үшін исламдық қаржы құралдарының Бюджет кодексіндегі мәртебесі айқындалады. Бастама елдегі исламдық қаржы нарығын дамыту үшін ерекше маңызға ие. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры секілді ұзақ мерзімді инвесторлар өздерінің бағалы қағаздарын басқа нарық қатысушыларына уақытша беріп, қосымша кіріс таба алады. Оның шарттары әзірленген жаңа құжатта егжей-тегжей көрініс тапты. Сондай-ақ шетелдік капитал иелерінің қазақстандық акцияларға қол жеткізуі жеңілдей түседі. Бір сөзбен айтқанда, инвесторлар өздеріне үйреншікті тетіктермен есеп айырысып, түрлі корпоративтік іс-әрекеттерге қатысады. Мақсат – жергілікті нарыққа енудегі әкімшілік рәсімдерді азайту. Қорыта айтқанда, бұл бастамалардың барлығы 2030 жылға дейін кезең-кезеңмен енгізіледі.
Тегтер #Капитал нарығы #даму тетіктері #қаржы #Ұлттық банк
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz