Қызылорда тұрғындары коммуналдық төлемнің көбейіп кеткеніне шағымданды. Бұл мәселе «АЛСЕКО» бірыңғай төлем жүйесі енгізілгеннен кейін пайда болған.
Жұрт қызмет көрсетуші мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Ал жауапты мамандар жүйеде ешқандай қателік жоқ екенін айтады.
Қызылордалық Алтын Жүсіпова соңғы айларда коммуналдық түбіртектегі соманың әдеттегіден бірнеше есе көбейгенін айтады. Алайда бұл сандардың қайдан шыққанын түсіне алар емес.
Алтын Жүсіпова, қала тұрғыны:
- Мен екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұрамын. Тұрғын үй алаңы – 45 шаршы метр. Бұрын электр энергиясы үшін ең көп дегенде 4000 теңге төлейтінмін. Ал «АЛСЕКО» жүйесі енгізілгелі бері 14-15 мың теңгенің түбіртегі келе бастады. Одан бөлек, түсініксіз қарыздар қосылып жатыр. Мәселенің мән-жайын білуге барсам, ешкім нақты ештеңе айта алмайды.
Ал жауапты мамандардың айтуынша, бұл жүйе коммуналдық төлемді жеңілдету үшін қолға алынған деп отыр. Ендігі жерде тұрғындар жарық, су, қоқыс шығару секілді барлық қызмет ақысын бір түбіртекпен төлей алады.
Медет Усаин, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Бiрiңғай төлем құжатын енгiзуге басты мақсат — коммуналдық төлемдердi жүргiзу тәртiбiн жеңiлдету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, есептеулердiң ашықтығын қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтер бойынша барлық ақпаратты бiр құжатта көрсету. Айта кету қажет, коммуналдық қызметтер үшiн бiрiңғай төлем құжатын енгiзу тәжiрибесi Қызылорда облысында ғана емес, елiмiздiң барлық елдi мекендерiнде кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатқан бiрiңғай мемлекеттiк жүйенiң бiр бөлiгi болып табылады.
Тұрғындар көбіне «Қызылорда Тазалығы» мекемесінен келген түбіртекке шағымданған. Дегенмен бұл мекеме өкілдерінің де өз уәжі бар.
Сапаpғали Асылбеков, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің басшысы:
- Кейбір тұрғындардың жиналып қалған қарыздары бар, біз солардың барлығын «Алсеко» түбіртегіне енгізіп жатырмыз. Бұл сомалар жүйе ішінде бөлек көрсетіледі. Тұрғын үйдің түріне қарай мәселен, көпқабатты үйде бір отбасыда бес адам тұрса, жан басына 400 теңгеден есептеліп, айына шамамен 2000 теңге шығады. Ал бұрынғы қордаланған қарыз бұл сомаға қосылмай, жеке тұрады. Сондықтан тұрғындар әрі бұрынғы қарызын, әрі ай сайын есептелетін жаңа төлемді қатар төлеуі тиіс.
Алтынбек Жақыпов, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің бөлім бастығы:
- Тұрғындар арасында үлкен резонанс тудырып жатқан басты мәселе — келісімшарт. Көбі: «Келісімшартқа отырған жоқпын, жеке өзім өтініш бермедім, сондықтан төлем жасамаймын», — дейді. Алайда біздің қызмет те электр энергиясы, газ бен су сияқты коммуналдық қызмет түрлеріне жатады. Сондықтан жария шарт қолданылатынын көбі түсіне бермейді. Біз бұл құжатты газетке, әлеуметтік желілерге және ресми сайтымызға толықтай жариялағанбыз.
Коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындарды түбіртекті мұқият тексеруге шақырды. Ал есептелген сомада шикілік болса, әрбір көрсеткіш жеке тексерілмек.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин
Тегтер #коммуналдық төлем #алсеко #Қызылорда #тұрғындарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz