Атырау мұнай өңдеу зауыты 2030 жылдың соңына дейін қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған 16 жобаны жүзеге асырады.
Оған 67 млрд-тан астам теңге жұмсау жоспарланған. Кәсіпорын бұл туралы қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді. Жиында зауыттың бұған дейін жүзеге асырған жобалар қорытындысы айтылып, ұсыныстар тыңдалды.
Атырау мұнай өңдеу зауытында соңғы екі жылда негізгі шығарындылар көзі саналатын төрт қондырғыға автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілген. Ол ластаушы заттардың мөлшерін уақытылы өлшеп, мәліметтерді 20 минут сайын уәкілетті органдарға жібереді. Ал санитарлық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаны бақылайтын төрт экологиялық станция жұмыс істейді.
Мұратжан Мұсайбеков «АМӨЗ» ЖШС бас директоры:
- Атырау облысында экологияға қатысты мәселелерді мұнай өңдеу зауыты қызметімен байланыстыру қате пікір. Біз ашық диалог құруға дайынбыз. Қазір Экология департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша қоршаған ортаның ластануы мен шығарындылардың нақты көзі анықталады. Зауыт экологиялық мәселелерге қашанда айрықша көңіл бөледі.
Кәсіпорында 2021 жылдан бері табиғатты қорғау бағытында жалпы құны 51 млрд теңгеден асатын сегіз жоба орындалды. Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту құрылыстары мен ағынды сулар арнасы жаңғыртылып, жағымсыз иіс көзі болған ашық бассейндер жойылды. Соның нәтижесінде ағынды сулардағы мұнай өнімдерінің мөлшері үш есеге азайды.
Арман Димұқашев, «АМӨЗ» ЖШС департамент директоры:
- 2026 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңге тағы 16 жоба әзірленді. Олардың жалпы құны 67 млрд теңгеден асады. Жобалар кешенді түрде іске асырылса, Атыраудың экологиялық жағдайын жақсартуға, атмосфераға түсетін жүктеме мен шығарындылар көлемін азайтуға мүмкіндік болады. Ең ірі жобалардың бірі баяу кокстеу қондырғысын реконструкциялау саналады.
Кәсіпорында атмосфераға тарайтын шығарындылар көлемі де төмендеген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 20 мың тонна болса, биыл 14 мың тоннаға дейін азайған. Ағынды сулармен шығарылатын ластаушы заттар 6,7 мың тоннаға, ал парниктік газдар шығарындылары 1,27 млн тоннаға дейін төмендеді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #АМӨЗ #экологиялық жоба #кәсіпорын #Атырау #мұнайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz