RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытау облысында Жаңаарқа ауруханасы қайта жаңғыртылады

19.09.2026, 13:40 52

Жаңаарқа кентіндегі аурухана аудан-аралық мәртебеге ие болады. Енді медициналық мекеме Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен қатар Жәйрем кенті мен Қаражал қаласының халқына да қызмет көрсетпек. 

Осыған байланысты аурухананың емдеу ғимараты кеңейтіліп, қосымша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда. Сондай-ақ бейінді мамандарды өңірге тарту жұмыстары қолға алынды.

Ауданаралық аурухана мәртебесіне көшуге дайындық шеңберінде жаңадан шұғыл қабылдау және медициналық сұрыптау ғимаратының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған оңалту орталығы ашылады. Қазірдің өзінде емдеу мекемесі созылмалы бүйрек ауруларын емдейтін аппараттармен толықты. Келер жылдан бастап, аурухана Жаңаарқа ауданы ғана емес, жақын орналасқан Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті тұрғындарына да тегін медициналық көмек көрсетеді.

Ерлан Базарбеков, аурухананың бас дәрігері:

- Кеңейтілген кордиологиялық көмек, травматологиялық көмек, арнайы медициналық көмектерді облыс орталығына немесе үлкен қалаларға бармай-ақ осы ауданаралық ауруханада жақсы заманауи диагностикалық және емдеу шараларын алуға халықтың мүмкіндігі болады.

Мекеменің материалдық-техникалық базасымен қатар кадрлық әлеуетін арттыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Биылдың өзінде аурухана жоғары білікті 8 маманмен толықты. Соның бірі – Абылайхан Қанжігітов. Өзге өңірлерден келген жас мамандарға 8 млн теңге көлемінде көтермеақы мен қызметтік баспана берілді.

Абылайхан Қанжігітов, хирург-дәрігер:

- Біздің ауруханада мүмкіншіліктер жоғары қазіргі таңда. Себебі бізде өте бағалы лапароскопиялық баған бар. Бізге хирургтарға өте ыңғайлы және көп мүмкіндіктер береді. Минимал инвазивті оталарды жүргізуге, пациенттердің дұрыс тез аяққа тұруына көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, бізде барлық жағдай жасалған, тек жұмыс істеу керек.

Жалпы өңірде ұзақ жылдар кенжелеп қалған денсаулық сақтау саласын дамытудың арнайы жоспары бар. Ауылдық медицинаны көтеру бағытында мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен соңғы 2 жылда 20 медициналық мекеме салынды.

Ұлан Ермеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Барлық жаңадан салынған медициналық обьектілерде жаңа аппараттар. Яғни бұрын ауыл тұрғындары аудан орталығына барып қандай да бір қызметтерді алуға мәжбүр болса, бүгінгі күні өздерінің тұрғылықты жері бойынша өзінің ем-шараларын, медициналық қызметтерін алуда.

Облыста әлі де 50-ге жуық дәрігер жетіспейді. Жауапты басқарма маман тапшылығы алдағы бір-екі жылда толық шешілетінін айтады. Қазір 30-ға жуық дәрігер келісімшартпен резидентурада оқып жатыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нүрлан Исмаилов, Ұлытау облысы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz