Абай облысындағы Қоңыр әулие үңгірі – өңірдегі ең танымал киелі орындардың бірі. Жұмбақ пен аңызға толы мекенге жыл сайын мыңдаған турист келеді.
Бірі табиғаты мен тылсым тарихын танып, ұмытылмас әсер алуға ұмтылса, енді бірі мұнда тілегінің орындалатынына сеніп атбасын бұрады. Алайда ойдым-ойдым жол мен туристік инфрақұрылымның нашарлығы келушілерге қолайсыздық туғызады.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Абай облысындағы Қоңыр әулие үңгірі елдің түкпір-түкпірінен туристер ағылатын киелі мекен. Жыл сайын мұнда мыңдаған адам келіп, тылсым табиғатты тамашалап, аңызға айналған орынның қасиетін сезінуге тырысады. Жергілікті жұрт бұл мекенді «күш-қуат орны» деп атайды. Алайда үңгірге жетудің өзі оңай емес.
Гүлсара Тұрдыханқызы Қоңыр әулие үңгірі туралы көптен бері естіп жүргенін айтады. Ақмола облысының Аршалы ауданынан келген ол бұл сапарды бірнеше жылдан бері жоспарлаған. Биыл сәті түсіп, киелі жерге ұлымен бірге келген. Алайда қасиетті мекенге жету оңай болмағанын айтады.
Гүлсара Тұрдыханқызы, Ақмола облысының тұрғыны:
- Келудегі мақсат дертімізге шипа, денімізге саулық сұрадық. Сезім өте күшті. Үңгірдің өзінің іші тамаша екен. Демалғанда кеудең ашылып, суы деген өте тамаша екен. Жолы өте нашар екен. Айналма жол екен. Жасалмаған ескі жер жолмен 2-3 сағат ақырындап жүріп келдік.
Үңгір туралы жоңғар шапқыншылығы кезеңімен байланысты аңыздар ел арасында әлі күнге дейін сақталған. Халық арасында жерасты суының шипалық қасиеті бар деген сенім қалыптасқан. Ғасырлар бойы бұл мекенге зиярат етушілер келіп, тілек тілеген. Қасиетті мекенге еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шетелдерден саяхатшылар ат басын бұрады.
Назгүл Шүдерханқызы, Астана қаласының тұрғыны:
- Керемет мекен, бірінші рет келіп тұрмын. Өте таңғалудамын. Үңгірдің өзі ұзақ, үлкендігінің өзі мен ойлағандай емес, әлдеқайда үлкен екен. Суына қанша сан мыңдаған адам түссе де мөп-мөлдір жалтырап жатыр. Астанадан шыққан уақытта түңгі екіде жетесің деп көрсетіп тұрған, бірақ жолдың кедір-бұдырынан таңғы бесте бірақ жеттік. Көз ілмей таңға дейін жүріп келдік.
Аудан орталығынан үңгірге дейінгі 45 шақырым жол асфальтталған. Ал қалған 31 шақырым тау арасындағы қара жол. Оның үстіне, бұл аумақ бірнеше шаруашылықтың жері саналады. Сондықтан жолдың нақты мәртебесі жоқ.
Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:
- Бүгінгі таңда ол – жеті шаруашылықтың жері. Оларды біз үкіметке қайтарып, жол есебіне жасатсақ дейміз. Егер осы кезең-кезеңмен жасалатын жұмысымыз өз деңгейінде болатын болса, Қоңыр әулие үңгірі маусымдық қана болмайды, оны жыл он екі ай халыққа қызмет көрсететін етіп жасауға болады.
Бұдан бөлек, туристер үшін аудан орталығында 55 адамға арналған қонақүй салынып жатыр. Қоңыр әулиеге баратын жол бойында жанармай бекеті мен техникалық қызмет көрсету орталығы да ашылған. Айта кетейік, биылғы жылдың сегіз айында өңірге 30 мыңнан астам турист келсе,олардың басым бөлігі Қоңыр әулие үңгіріне барған.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #24KZ #Абай облысы #Қоңыр әулие #үңгір #турист #киелі мекенPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz