RU
Толық нұсқаға өту

Оралда «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтті

19.09.2026, 14:20 43

Оралда «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған 70-тен астам ауылшаруашылық құрылымы қатысып, 250 тоннадай көкөніс пен бау-бақша өнімдерін ұсынды.

Дәстүрлі жәрмеңкенің мақсаты халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету. 

«Алушыға алтау аз, берушіге бесеу көп». Тауар бағасына келгенде өндіруші мен сатып алушының ой пікірі әрдайым бір нүктеден табылмайтыны ақиқат. Бірақ қос тараптың мүддесі тоғысар тұсы – осындай ауылшаруашылық жәрмеңкелері. Себебі мұнда шаруа қожалықтарының өз өнімдерін тұтынушыға тікелей, еш делдалсыз сатуына жағдай жасалған. Жәрмеңке бүгін Мұстахым Ықсанов атындағы көшеде өтсе, ертең Зашаған кентінде Жәңгір хан сауда үйінің алдында ұйымдастырылады. 

Мұрат Бәйменов, қала әкімі:

- «Дала дәмі» деген жаңа форматта жәрмеңке өткізіліп жатыр. 70-тен астам тауар өндіруші шығып, 250 тоннадан астам өнім шығарылды. Бұл – жергілікті тауар өндірушілер. Бағалардың бәрі мына стендте көрген бағадан аспайды. Кішкене ауа райы салқындаған соң, осы жерде балық өнімін және ет өнімін шығарып сатамыз.

Жәрмеңке барысын өңір басшысы Нариман Төреғалиев көріп қайтты. «Дала дәмі» деп жаңаша аталған шараның ерекшелігі сауда сөрелері бірыңғай үлгіде жабдықталған. Сауда орындары тегін беріледі. Негізгі мақсат - азық-түлік бағасын тұрақтандыру және халықты сапалы, арзан өніммен қамтамасыз ету. 

Хайролла Исмағұлов, қала тұрғыны:

- Көкөністермен және ауыл, сүт-ет тамақтарымен халықты қамтамасыз етіп жатқандарына мың да бір рақмет. Бұл жәрмеңкенің дүкендерден құны арзандау және көптеген тамақтары сапалы.

Ауыл шаруашылық жәрмеңкелері тек облыс орталығы емес аудандарда да жүйелі  ұйымдастырылып келеді. Жыл аяғына дейін өңірде барлығы 600-дей жәрмеңке өткізу көзделген.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz