Елорда жастары экологиялық науқанға қатысты. Студенттер оқу орындарына іргелес аумақтарды, аулаларды, жасыл аймақтар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалады. Олар бұл игі іске қосылуға өзге қатарластарын да шақырды.
Таңмен таласа тұрып, қолына күрек пен тырма алған бұл жастар – колледж студенттері. Демалыс күндерін іргеде орналасқан оқу орнының айналасын ретке келтіруден бастады. Тамырына ауа мен су және басқа да қоректік заттар оңай жету үшін көше бойындағы талдардың түбін қопсытып жатыр. Студенттердің айтуынша, мұндай экологиялық акцияларға қатысу жастардың туған еліне және тұрып жатқан қаласына деген сүйіспеншілігін арттырады.
Әли Серікқазинов, Қазтұтынуодағы жоғары колледжінің 1 курс студенті:
- Өзім жиі шығып тұрамын. Мектеп кезінде де сенбілікке барып отыратынмын. Осы жақта колледжде алғаш рет шығып тұрмын. Әрбір қала тұрғыны сенбілікке жиі шығып, осылай қоршаған ортаны жинап ластанбауына көмек көрсету керек деп ойлаймын. Астана үлкен қала болғандықтан адам да, көліктер де көп. Сондықтан талдардың да көп болғаны дұрыс деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – осындай талдарды аман сақтап қалу.
Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері бұл шараның бір реттік науқан емес, жүйелі жұмыс екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйретеді.
Саяна Амандықова, Қазтұтынуодағы жоғары колледжінің 1 курс студенті:
- Қазір біз экологиялық науқанға қатысып жатырмыз. Талдан түсіп қураған жапырақтарды жинап, қаптарға салдық. Бұл аумақта 50-ге жуық студент жүр. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қаламыздың тазалығына белсене атсалысудан ешқашан бас тартқан емеспіз. Өзім Арал қаласынан болғандықтан, экологиялық науқандарға бейжай қара алмаймын. Әсіресе, жайқалып тұрған мынадай талдарды баптап күтуіміз керек.
Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Қалада тазалықты сақтау, абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұдайы өтеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ғалымжан Абдылахат, Ділмұрад Сейдаханов
Тегтер #24KZ #елорда #студенттер #сенбілік #науқан #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz