RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда жаңа аллеяға тал көшеттері егілді

19.09.2026, 15:40 42

Ақтауда жаңа аллеяға тал көшеттері егілді. Жас өскіндер Маңғыстау тәжірибелік ботаника бағында өсірілген. Өңір климатына төзімді өсімдік көшеттерін егуге тұрғындар мен еріктілер атсалысты.

Жалпы дүниежүзілік тазалық күніне орай облыс бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер өтіп, 10 мыңға жуық адам үлес қосты.

Жасыл аллея 39-шы шағын ауданда «BS Arena» спорткешені аумағында орналасқан. Сенбілік аясында жаңа көшенің жиегіне аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаған белсенді тұрғындар 100 түп тал екті. Үйеңкі және гибискус көшеттерін суаруға еріктілер ұйымы білек түре атсалысты.

Рафаэль Арыслан, еріктілер ұйымының жетекшісі:

- Экологиялық клубымызда 300-ден астам оқушы, оның ішінде мұғадімдер де басқа да жастар бар. Осындай іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.

Әсел Балманова, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Бүкіл республика бойынша World Cleanup Day. Облыс бойынша біршама ауқымды жұмыстар атқарылды. Теңіз жағасын тазарту бойынша екі апта сайын үлкен ауқымды шаралар өткізіліп отырды.

Таңсәріден Ақтау жағажайында өткен сенбілікке 15 мекемеден екі жүздей адам келді. Қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазалауға мұғалім, дәрігер, мұнайшылар және уәкілетті органдардың қызметкерлері үлес қосты.

Айдос Жүсіпов, Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Теңіз жағажайы қаламыздың көркі болғандықтан, бұл  жерге адамдар көп келеді. Яғни, адам келгендіктен қоқыс та көп мөлшерде жиналады. Сол себептен қоқыстарды белгіленген жерге тастап, артыңызды жинап жүруге шақырамыз.

Жалпы өңірде тазалық шаралары жыл басынан бері бірнеше бағытта жалғасып келеді. 185 мыңнан астам адам, 3600 техника тартылған сенбіліктер нәтижесінде 14 мың тонна қоқыс шығарылды. Санитарлық тазарту, елдімекендерді абаттандыру және көгалдандыруда белсенділігімен көпке үлгі болғандар қараша айында салтанатты шарада марапатталады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz