RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда көлік инфрақұрылымы дамып келеді

19.09.2026, 19:30 36

Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғап тұрған аса маңызды транзиттік әлеуетке ие ел.

Бұл бағытты арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында осылай деген еді. Бүгінде көлік инфрақұрылымының даму барысы қандай? Қандай жобалар қолға алынды? 

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында "жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн, "Сексеуіл-Бейнеу" жолының құрылысын тездету керек" деді. Осыдан 1,5 ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев 800 шақырымға созылатын халықаралық автожолдың құрылысы басталғанын мәлімдеді. Аталған бағыт Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Нәтижесінде Қытайдан кәрі құрлыққа дейін жүк тасымалының ұзақтығы мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Президент оны «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Бейнеу-Сексеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталады. Бұл екі облыстың арасын қосатын жол ғана емес, "Бейнеу-Сексеуіл" бағдары халықаралық ауқымдағы автожол болмақ. Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Европаны жалғайтын алтын көпір ретінде қызмет етеді. Халқымыздың таным түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз.

Кейінгі 7 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салды. Қаражат теміржол және автомобиль жолдарын салуға, порттар мен авиациялық инфрақұрылымды, шекаралық өткелдер мен цифрлық логистикалық жүйелерді дамытуға бағытталды. Былтырғы Жолдауда айтылған тағы бір мәселе, көліктің көптігі. Президенттің айтуынша, әр адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуі тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет. Қазақстанның ірі қалаларында көліктің көптігі экологиялық зиянынан бөлек жолда кептеліс туғызып, қозғалысты тежейді.

Әсел Досболқызы, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:

- Астана Бас жоспарында 9 көлік торабы қарастырылған. Бұл кептелісті азайту мақсатында қарастырылатын тораптар. Яғни ол жерде басқа аймақтардан келетін жолаушылар өздерінің көліктерін тастап, басқа қоғамдық көліктерге ыңғайлы ауыса алатындай мүмкіндік жасау. Сонымен қатар ол жерлерде іскерлік және қоғамдық орындар да болашақта қарастырылған.

Астанада 461 мың көлік тіркелген. Техниканың кейбірі жүрмей қалғанның өзінде олардың орнын сырттан келгендер толтырады. Көлік ауыстыру тораптары қаланың Бас жоспарына сәйкес әуежай, екі теміржол вокзалы және қалаға кіреберіс жолдардың бойында орналасады.

Мирлан Алтынбек

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz