RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында мақта теру науқаны басталды

20.09.2026, 09:26 45

Түркістан облысында мақта жинау науқаны басталды. Биыл өңір диқандары 173 мың гектар алқапқа мақта екті.

Шаруалар вегетациялық кезеңде егістікті қажетті сумен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» кәсіпорнымен келісімшарт жасап, су қорын уақытылы алды. Қазір Жетісай мен Мақтаарал аудандарының шаруалары жаз бойғы еңбектің нәтижесін жинауға кірісті.

Биыл «Шапағат» шаруа қожалығы мақта терімін ерте бастады. Қожалық төрағасы Мыңбосын Сексенбаев 1500 гектарға ақ алтынның жаңа сортын еккен. Қазір әр гектардан 40 центнерден өнім алуда. «Мақтаның бітік шығуы жаз бойы атқарылған қажетті агротехникалық жұмыстардың нәтижесі», - дейді диқан. Одан бөлек, техникаларын да жаңартып алған.

Мыңбосын Сексенбаев, Қожалық Төрағасы:

- Науқанның басталғанына үш күн болды. Қазір дамыған заман, комбайнмен 1-2 күнде теріп алып жатырмыз. Жылда ауызбіршіліктің арқасында теріп аламыз. Біз «Нұрбибі» деген зауытпен 5 жылдан бері бірге жұмыс істейміз. Бізді ештеңеден тарықтырып жатқан жоқ. Жер жыртудан бастап қаражат береді, соның арқасында осынша нәрсе істеліп жатыр. Сол кісілерге өткіземіз, олар ары қарай шетелге экспорттайды.

Ал «Үмбет ата» шаруа қожалығы ерте көктемде 1400 гектарға мақта шитін сепкен. «Түсім өте жақсы», - дейді шаруашылық басшысы. Оның үстіне суару кезеңінде тіршілік нәрі жеткілікті болғанын айтады.

Съезбек Үмбетов, қожалық төрағасы:

- Бізде шит, азот, селитра, дәрі-дәрмектің бәрі жеткілікті. Оның үстіне егістік екі рет суарылды. Суды уақытында жеткізіп беріп отырған басшыларға рақмет, жағдай жаман емес. Қазір өнімділік 40 центнерден асып жатыр. Әлі екі терім бар, сонымен өнім көлемі 50 центнерден де асады. Техника жеткілікті, комбайндар бар, зауыттарға өнім тасымалдайтын 13-14 техника жұмыс істеп тұр.

Биыл Мақтаарал ауданы 35 мың 500 гектарға мақта дақылын екті. Мақта терімі басталғалы бері 400 гектар алқаптан мың тоннадан аса өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 28 центнер болып отыр. Аудан шаруаларының қарамағында 237 комбайн бар. Күн өткен сайын жиын-терім жұмыстары қарқын алып келеді. Жауаптылар мақта бағасы алдағы күндері белгілі болатынын айтады.

Баязид Әлімқұл, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда нақты баға әлі белгіленген жоқ. Мақта ору науқаны енді басталуына байланысты шаруалардың зауытқа өткізген әрбір келісіне 150 теңгеден аванс ретінде қаражат төлеп жатыр. Биылғы жылы бізде 7 мақта өңдеу зауыты және оларға қарасты 62 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейтін болады.

Мақта – тек Мақтааралдың ғана емес, тұтас Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды дақылдардың бірі. Сондықтан шаруалардың алдында тұрған ендігі міндеті – кезінде «ақ алтын» деп аталған өнімді уақытылы әрі ысырапсыз жинап алу. Жалпы биыл өңірде 173 мың гектар алқаптан 555 мың тоннадан астам мақта жинау жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz