Абай облысындағы Саржал ауылында тоқсанды алқымдап, жасы жүзге жақындаған қария көп. 110 тұрғын сексеннің сеңгіріне шыққан.
Бір қызығы, бұл ауыл кезінде ядролық полигонға жақын орналасқан елді мекендердің бірі болды. Сондықтан елді мекеннің болашағы көпті алаңдатқаны рас. Дегенмен бүгінгі тыныс-тірлігі түзу. Халқы жылқы малын көбейтіп, қымыз баптауды кәсіп қылған.
Әсемхан Қуанышбаев – Саржалдың байырғы тұрғыны. Ядролық жарылыстарды куәсі болған. Ол кездің зардабы аз болмады. Айтуынша, ауылдықтар қиындықты еңсерді. Денсаулығын түзеу үшін, көпшілік жылқы малын көбейтіп, өнімін тұтынды. Желіге бие байлап, қымыз баптады. Қымыздың қырық ауруға ем екенін ата-бабамыз әлдеқашан айтып кеткен. Әрі жылқы кез келген климатқа төзімді келеді. Жасы жетпістан асқан Әсемхан қария да ата кәсіппкен айналысып отыр.
Әсемхан Қуанышбаев, ауыл тұрғыны:
- Саржал ауылы жылқымен күн көріп отыр. Еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін еңбектеніп, осы жылқының арқасында осындай дәрежеге жеттік деп ойлаймын. Бізді сақтап қалған — осы жылқы..
Қарияның жұбайы – Ғалия Жұмағалиқызы қымыздың бабын жақсы біледі. Бір күнде 20-30 литрге дейін өнім алады. Сапасы мен дәмі бұзылмас үшін, дайындайтын ыдысқа да мән береді.
Уыз қымыз, бал қымыз бен сары қымыз сапырған жанның айтуынша, табиғи таза қымыз тұтынған ауылдықтар арасында ұзақ жасағаны көп. Ауылда 1600 тұрғын бар. 110 адам жетпісті еңсеріп, сексенге таяған. Алты қария жүзге аяқ басты. Жасы үлкендер кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Ғалия Жұмағалиқызы, ауыл тұрғыны:
- Бұл қымыздың дәмі көбінесе шелекке байланысты. Бие шелек дейміз соған байланысты. Бие шелек көбінесе емен ағашынан жасалады. Оны майлап, баптап, ыстап бірақ құйылады. Көбінесе біздің балалар осы саумалмен өсті. Содан иммунитеті де көтеріледі, көп ауырмайды жөтелмейді.
Медицина университетіндегі Қоғамдық денсаулық кафедрасының мамандары қымыздың дәрумендерге, оның ішінде С дәруменіне бай екенін айтады. Ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Жылқы еті мен саумалдың да құнарлығы жоғары. «Сондықтан жылқы малынан алынатын өнімдердің адам өмір ұзартуға септігі бары рас», - дейді.
Ардақ Алтынбекова, Семей медицина университеті Қоғамдық денсаулық кафедрасының оқытушысы:
- Еттің құрамы дәрумендер мен минералдарға өте бай. Мысалы, магний, калий, кальций, фосфор, В тобынлағы дәрумендер өте жоғары. Саумал ана сүтіне өте жақын. Оны көбінесе радиациялық сәулеленуге ұшыраған және онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға негізгі емдік терапиямен қатар тағайындайды
Семей полигонында 1949 жылдан 1989 жылға дейін 456 ядролық сынақ жүргізілді. Жергілікті халық зардабын тартты. Соған қарамасстан ауыл тұрғындары өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. Еңбектен қол үзбеді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, денсаулықтың басты кепілі қимыл-қозғалыс пен адал еңбекте.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #Абай облысы #қария #Саржал ауылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz