RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда жер телімдері мемлекетке қайтарыла бастады

20.09.2026, 14:30 47

Петропавлда мемлекет қажеттілігіне орай жер телімдерін қайтару жұмыстары жалғасуда. 

Жыл басынан бері қалада жылжымайтын мүлкі бар 89 жер учаскесі мемлекет меншігіне алынды. Олардың басым бөлігі – жеке тұрғын үй секторындағы нысандар.  

Қосымша жер телімдерін қайтару туралы тағы 72 қаулы әзірленген. Жаңа алаңдарға облыстық сот ғимараты, инклюзивті спорт орталығы және көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ. Мүлік иелеріне өтемақы ретінде ақшалай қаражат немесе баспана ұсынылады.

Мәрзия Хайруллина Копай шағынауданында бұрыннан бері тұрады. Алайда қазір бұл аумақта сүрілу жұмыстары басталған. Тұрғындардың бір бөлігі қоныс аударғанымен қалғандары өз кезегін күтіп отыр.

Мәрзия Хайрулина, қала тұрғыны:

- Бізге үйіміз сүрілетін аумаққа кіретіні туралы хабарлама келді. Бұл ауданның барлығы мемлекет меншігіне алынып жатыр. Бізге: «Құрылыс салмаңыздар, үйге ешқандай өзгеріс енгізбеңіздер» деді. Содан бері күтіп отырмыз. Әзірге басқа ешқандай хабар болған жоқ.

Бұл шағын ауданға қарап облыс орталығының келбеті қалай өзгеріп жатқанын бағамдауға болады. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан заманауи көпқабатты үйлер мен жеке сектор қала көркін аша түскен. Мұнда абаттандыру жұмыстары жалғасып, ағаштан салынған ескі үйлер біртіндеп бұзылып жатыр. Қарқынды құрылыс қаланың басқа да шағын аудандарында жалғасуда. Босатылған жер телімдері тек көпқабатты үйлер салуға емес, жолдар мен әлеуметтік нысандар тұрғызуға да пайдаланылмақ.

Бердімұрат Баймұқанұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- 2026 жылы Петропавл қаласында мемлекеттік мұқтаждық үшін жылжымайтын мүлік орналасқан 89 жер учаскесі мемлекет меншігіне алынды. Қазіргі уақытта тағы 35 қаулы бойынша 72 жер учаскесін алу жоспарда бар. Барлық рәсімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Тәуелсіз бағалау жүргізілгеннен кейін жер учаскелерінің меншік иелерімен келісу рәсімдері өткізіледі. Меншік иелеріне ақшалай өтемақы немесе пәтер алу мүмкіндігі мүмкіндігі қарастырылған.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жер телімдерін мемлекет қажетіне алу – ұзаққа созылатын процесс. Оның мерзімі қаржыландыру мен тұрғын үй иелерімен арадағы барлық заңды рәсімдердің аяқталуына байланысты. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Нұргүл Ахметова, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz