RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында ауыл тұрғындары Мәдениет үйіне зәру

20.09.2026, 14:55 45

Атырау облысындағы мәдени ошақтардың жағдайы сын көтермейді. Зинеден және Исатай ауылдарының тұрғындары жаңа Мәдениет үйі болғанын қалайды.

Өткен ғасырдың 70-шы жылдары салынған ғимараттардың әбден тозығы жеткен. Қазір ауыл өнерпаздары өз бетімен өнерлерін ұштап жүр.

Зинеден ауылындағы бұл клуб өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Биыл жөнделгенімен ғимараттың жағдайы көңіл көншітпейді. Аядай ғимаратта пошта, мәдениет бөлімшесі, мұражай және кітапхана секілді төрт мекеме сығылысып отыр.

Нұрбек Қойшығұлов, кітапханашы:

- Ылғалдық бар, иә. Жұмысқа келген кезде үнемі терезелерді ашып қоямыз. Бөлмеде төбелердің жағдайы өте нашар, тозып тұр. Былтыр төбесі тесіліп кеткен болатын, биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда қазіргі таңда да төбенің жағдайы өте нашар.

Исатай ауылында тұратын Заңғар Жұмабиден жарты жыл ішінде домбыраны кәдімгідей игеріп алған. Интернет арқылы қазақ күйлерін тыңдап, шеберлігін шыңдаған. Енді достарын өнерге баулып жүр.

Заңғар Еркебұланұлы, оқушы:

- Апайдың және саз мектебінің жоқтығына байланысты, үйде өзіміз үйреніп жатырмыз. Өзім үйренген күйлерімді достарыма да үйретіп жүрмін. Үш айдың ішінде 5 күй, ал бес айда 9 күй үйрендім. Алғашында ескі домбырам болды, сол домбырамен үйреніп бастадым.

Исатай ауылындағы мына мәдениет ошағының іргетасы 1970 жылы қаланды. Әлі күнге клуб ретінде пайдаланып келеді. Мұнда маман жетіспейді. Келгендер көпке тұрақтамайды. «Аудан, облыс орталықтарына кетіп қалады», - дейді ауыл әкімі.

Аслан Ғұбашев, Исатай ауылдық округінің әкімі:

- Менде, мысалы, қазір қызметтік үй де бар. Егер жұмысқа келемін деген маман болса, оған орын да тауып береміз. Алайда мамандардың жетіспеушілігі бізге қолбайлау болып отыр.

Айбатыр Бекішұлы, Исатай ауданы Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Исатай ауылына 148 орындық мәдениет үйінің жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік экспертизадан өтіп тұр. Сонымен қатар мынау Зинеден ауылына мәдениет үйін салуға сұраныс бердік. Алайда қазіргі таңда ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес мораторий  жарияланды. Әкімшілік ғимараттар, мәдениет үйлері салу қазір тоқтап тұр. Десе де жоспарымызда бар.

Исатай ауданында төрт мәдениет үйі және бес ауылдық клуб бар. Биыл бір ауылдық клуб жөнделіп, пайдалануға берілді. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz