Жаңаарқалық оқушы Ғарифолла Амангелді қайыстан таспа тіліп, қамшы өреді. Садақ ату, аударыспақ, асық ату, құсбегілік секілді ұлттық спорттың бірнеше түрімен шұғылданады.
«Ғасырлар бойы атадан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды әлемге паш етсем», - дейді жас өрен.
Қамшы өру – үлкен шеберлікті, төзімділікті және дәлдікті талап ететін өнер. Ғарифолла бұл өнер жылқыға деген қызығушылығымнан басталды дейді. Бес жасынан атқа мінген ол қазір ертоқымнан басқа әбзелдерді өзі жасай береді.
Ғарифолла Амангелді, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:
- Жүген аттарға құйысқан, өмілдірік, қамшы, шідер жасаймын. Атақты аттарға жүген жасап бердім. Қарап отырсаңыз, Айторының жүгені ілініп тұр. Құдай қаласа ертең өзіне табыстаймын. Белдік, кемел белдік жасаймын.
Атбегілік пен саятшылық Ғарифолланың арғы атасынан бері жалғасқан өнер. Атасы Сейпіш ит жүгіртіп, құс салған аңшы болған. Осы құндылықты енді балалары мен немерелері жалғады. 13 жастағы Ғарифолланың екі бүркіті, бірнеше тазысы мен қансонарға мінетін тұлпары бар. Ал, қайыстан таспа тіліп, қамшы өруді өңірге аты мәшһүр қолөнер шебері Болат Қайранбековтен үйренген.
Қайсар Сейпішов, Ғ. Амангелдінің әкесі:
- Қазір қолөнерден балам маған ұстаз болып жатыр. Мен өзім тері өнімдерін илеймін, бірақ өретін дүниелерге қол икемім келе қоймайды. Соның бірін былай болады деп үйретіп жатады. Оның барлығы бір-бірімізді толықтырып тұрады.
Қамшы өрілу және қолдану мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Ғарифолла соның кең тараған 4 түрін өреді. Қолөнерден бөлек спорттың бірнеше түрін меңгерген. Асық ату, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік пен аударыспақтан спорт шеберлігіне үмітте.
Ғарифолла Амангелді, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:
- Өскен соң ертоқым, ат әбзелдерін жасағым келеді. Хобби сияқты жақсы көресің. Жақсы көріп істесең, тастау қиын. Болашақ арманым – ұлттық спортты дамыту, шеберлікті кәсіп қылу. Үлкен бренд қылсам деп армандаймын.
Ғарифолла бүгінге дейін 200-ге жуық қамшы өрген. Тобылғы сапты, таза қайыстан жасалған қамшыға қызығатындар көп дейді. Тіпті, ата жұрттан алыста жүрген қандастар да арнайы тапсырыс береді екен.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нүрлан Исмаилов
Тегтер #24KZ #Ұлытау облысы #Жаңаарқа #қайыс #қамшы #ертоқымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz