Қазақстанда АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті талаптардың орындалуын бағалау үшін АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) жұмысы басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Бағалау 21-25 қыркүйек аралығында өтеді.
Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі екі жылдан бері екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті жағдайларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Бағалау басталар алдында Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев елімізге келген FAA сарапшыларымен кездесті. Тараптар алдағы аудиттің барысын, ұшу қауіпсіздігін арттыру және Қазақстан мен АҚШ арасындағы халықаралық әуе қатынасын дамыту мәселелерін талқылады.
IASA бағалауы Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін анықтауға бағытталған. FAA мамандары авиация саласындағы заңнама мен нормативтік құжаттарды, сондай-ақ Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін бақылау мүмкіндігін бағалайды.
Атап айтқанда, сарапшылар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын талаптарының орындалуына назар аударады. Бағалау барысында авиация персоналын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және әуе кемелерін пайдалану сияқты негізгі бағыттар қаралады.
Бұл – FAA-мен жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарының жалғасы. 2024 жылғы 26-30 тамыз аралығында Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу өткен. Содан бері екі тарап қазіргі бағалауға дайындық жұмыстарын жалғастырды.
FAA сарапшылар тобының құрамында халықаралық авиациялық құқық, авиация мамандарын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшу операциялары бойынша мамандар бар.
24 қыркүйекте сарапшылар тобы «Air Astana» әуе компаниясына техникалық сапармен баруды жоспарлап отыр. Компания АҚШ Көлік министрлігінен коммерциялық қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуға өтінім берген. Сапардың мақсаты – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұсынған ақпаратты нақтылау. Бұл тексеру «Air Astana» компаниясына әуе тасымалдаушы сертификатының иесі ретінде жүргізілетін инспекциялық бақылау болып саналмайды.
IASA бағалауы аяқталған соң FAA сарапшылары Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен қорытынды кездесу өткізеді. Кейін бағалау нәтижелері бойынша жазбаша есеп ұсынылады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #АҚШ #тікелей рейсPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz