RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгереді

21.09.2026, 14:36 52

Қазақстанда әлеуметтік көмектің 13 түрін төрт түрге біріктіру жоспарланып отыр. Өзгерістер жәрдемақы мен төлемдерді нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау қағидатына негізделеді, деп хабарлайды 24KZ.

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік қолдаудың атаулы моделіне кезең-кезеңімен көшу жоспарын таныстырды.

Бірінші кезеңде қолданыстағы 36 төлемнің 14 түрі бойынша нормативтік база әзірленеді. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрін мұқтаждық деңгейін ескере отырып, төрт түрге біріктіру көзделген.

Үкімет отырысында әлеуметтік қолдау саласына қатысты бірқатар мәселе де қаралды. Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап ардагерлерге берілетін мемлекеттік қолдау шараларын атаулылық және мұқтаждық қағидаттарына көшіру мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ ер адамдарға бала күтіміне байланысты мемлекеттік демалыс беру қажеттілігі қарастырылды. Бұдан бөлек, бала күтімі кезеңінде әйелдерді қолдау тәсілін өзгерту, оның ішінде екі жасқа дейінгі балаларды балабақшаға орналастыру және кіші жастағы балаларға күтуші тапшылығын шешу мүмкіндігі талқыланды.

Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету кезінде жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері де баяндалды. Мысалы, медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік рәсімделген 167 жағдай анықталған. Бұл фактілер құқық қорғау органдарына жолданды.

Сонымен қатар әртүрлі азаматтарға тиесілі, бірақ деректері бірдей 18 647 жағдай анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Реформа «Цифрлық отбасы картасы» жүйесіндегі әл-ауқат деңгейі «А» – жоғары және «В» – ауқатты санаттарға жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды. Осы мақсатта әкімдіктер ақпараттық жүйе арқылы азаматтар арасында сауалнама жүргізіп жатыр.

Үкіметтің хабарлауынша, 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы халыққа кезең-кезеңімен SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы ақпарат беріледі.

Ұсыныстардың барлығы бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен өңір әкімдеріне әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау бойынша жұмысты үйлестіруді тапсырды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz