Қазақстанда құмар ойындар нарығын бақылау цифрлық форматқа көшіріле бастады. Бірыңғай есепке алу жүйесі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам азаматтың құмар ойындарға қатысуына шектеу қойылған, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Құмар ойындарды мониторингілеу және талдау орталығы мәлімдеді.
Орталықтың дерегінше, 23 мыңнан астам адам құмар ойындарға қатысуды өз еркімен шектеу тетігін пайдаланған. Ал 31 мыңнан астам кәмелетке толмаған азамат ойындарға қатысуға жіберілмеген.
Бірыңғай есепке алу жүйесі 2026 жылғы 27 наурызда іске қосылды. Ол букмекерлік кеңселер мен тотализаторлармен ақпарат алмасуды, операцияларды есепке алуды және заңда белгіленген шектеулердің сақталуын тексеруді қамтамасыз етеді.
Орталықтың түсіндіруінше, жүйенің өзі жаңа тыйым енгізбейді. Ол заңда белгіленген шектеулер мен уәкілетті органдардың шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар жүйе интернеттегі заңсыз құмар ойын ресурстарын анықтап, олар туралы ақпаратты жинауға және талдауға мүмкіндік береді.
Заң бойынша 21 жасқа толған Қазақстан азаматы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын 6 айдан 10 жылға дейін өз еркімен шектей алады.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #құмар ойын #шектеуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz