Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері 129 қандас көшіп келген. Көбі көршілес Ресей, Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан қоныс аударды.
Жалпы биыл өңірге 58 отбасы келеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, енді «қандас» мәртебесін алу үшін ҚАЗТЕСТ тапсыру талабы енгізілді. Үміткерлер электронды сынақтан өтіп, қазақ тілінен тест тапсырады.
Айбаршын Құдайбергенова 2 жыл бұрын Өзбекстаннан атажұртқа оралды. Қазір Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрады. Отбасын қолдау орталығында психолог болып жұмыс істейді. Айтуынша, қандастар көмек сұрап жиі келеді. Себебі қоныс аудару кезіндегі қиындықтарды басынан өткерді.
Айбаршын Құдайбергенова, ауыл тұрғыны:
- Біздің бұл жаққа көшіп келуіміздің себебі – осы Қазақстанда жақсы болып кету. Елімізге қайта оралу мақсатында келдік. Үлкен қызым университетте 3-курста оқиды. Ал балаларым «Бәйтерек» орта мектебінде оқиды. Жолдасым жұмыс істейді.
Жат елден отанына оралғандарға мемлекет тарапынан арнайы субсидия берілді. Үй сатып алу үшін 7 млн теңге бөлінді. Айта кетейік, енді «қандас» мәртебесін алу үшін арнайы тест тапсыру ережесі енгізілді. Үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Мамандардың айтуынша, тілді терең білу талап етілмесе де, күнделікті қарым-қатынас жасай алғаны жөн.
Назерке Тасқұлова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- ҚАЗТЕСТ екі блоктан тұрады: тыңдалым және аудио. Әр блок бойынша кемінде 70 пайыз дұрыс жауап беру қажет. Тиісті баллды жинаған жағдайда, 2-этапқа — анкета толтыруға өте алады. Анкетада үміткер өзінің жеке мәліметтерін енгізеді: еңбек өтілі, мамандығы және жақын туыстары туралы ақпарат болған жағдайда барлығын толық көрсетеді.
Осы кезеңдердің барлық ұпайын қосқанда кем дегенде 600 ұпай жинау қажет. Содан кейін мемлекеттік органдардың қарауынан өтіп, сұхбаттасады. Осылайша, сынақтардан сүрінбей өткен азаматтарға қандас мәртебесі беріледі.
Аснурия Абдулла, тілші:
- Алғашқы әрекетте қажетті ұпай жинай алмаған қатысушылар сынақты қайта тапсыра алады. Ереже бойынша, алдыңғы сынақтан кейінгі 30 күн ішінде қосымша екі мүмкіндік беріледі. Әр талпыныс үшін ақы бөлек төленеді.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #СҚО #қандас #ҚАЗТЕСТPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz