RU
Толық нұсқаға өту
фото: Үкімет

Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жылыту маусымы 1 қазанға дейін басталады

22.09.2026, 10:25 47

Үкімет отырысында елдің күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергия көздеріндегі дайындық жұмыстарының нәтижелері мен отын қорлары туралы баяндады, деп хабарлайды 24KZ.

14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды Солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде, – деді Ерлан Ақкенженов.

Энергия көздерінде жылыту маусымын бастауға қажетті отын қоры қалыптастырылды. Қазіргі уақытта 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут бар. Сондай-ақ негізгі жабдықтардың қажетті қоры жасақталды.

Төрт энергия блогында, 30 қазандықта және 19 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу толық көлемде орындалды. Сонымен қатар жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 366 шақырымы дайын. Бұл жалпы дайындықтың 97%-ын құрайды.

Ұлытау және Абай облыстарындағы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы жылу беру нысандары Үкіметтің ерекше бақылауында.

Сәтбаев қаласында жылу магистралін жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Петропавл қаласындағы жылу магистральдарының дайындық деңгейі 95%-ды құрайды. Барлық жұмысты осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Степногорск қаласында жылу желілерінің жалпы дайындығы 76%-ға жетті. Жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Семей қаласында жүзеге асырылып жатқан үш жоба бойынша жоспардың орындалуы 70%-ды құрайды. Сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштарды жеткізу 26 қыркүйекте күтіледі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz