Қазақстанда такси қызметіне қатаң талаптар қойылады. Рөлі оң жақтағы көліктерді тасымалдауға пайдалануға тыйым салынып, жаңа «баллдық» жүйе енгізіледі. Жол қауіпсіздігін арттыру және жолаушылар тасымалы нарығын ретке келтіру мақсатында такси агрегаторларының жұмысына қатысты қатаң шектеулер қойылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды«24KZ».
Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі таңда такси агрегаторларына бақылау едәуір күшейтіліп, цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылған. Атап айтқанда, жүйе арқылы агрегаторларға тіркелген рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңнан астам көліктің тізімі жіберілді. Бұл көліктерді такси ретінде пайдалануға түбегейлі тыйым салынады.
Сондай-ақ елімізде жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру тетігі іске қосылуда. Бұл бастама тиісті құжаты немесе жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың жолаушы тасымалына қатысуына тосқауыл қояды. Оған қоса, Көлік министрлігі мен такси агрегаторлары жүргізушілердің рейс алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өтуін және көліктің техникалық жағдайын қатаң бақылайтын нақты тетіктерді әзірлеуді жоспарлап отыр.
Министр жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және салынған айыппұлдарды елемейтін жүргізушілерге қарсы жаңа «баллдық» жүйе әзірленіп жатқанын атап өтті:
Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта, айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында “баллдық” жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді, – деді Ержан Сәденов.
Бұл кешенді шаралар елдегі жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Тегтер #ІІМ #Ержан Сәденов #такси #жол қауіпсіздігі #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz