Көлік кептелісі Алматылықтар үшін өзекті мәселеге айналған. Оңтүстік астанада осы мақсатта қоғамдық көлікті көбейту көзделген.
Алдағы уақытта алматылықтар да қала ішінде LRT-мен қатынайтын болады. Қазір оның алғашқы рельстері төселіп жатыр. Бұл үшін 25 құрам сатып алу жоспарланған. Жеңіл пойыздардың шуылы аз, тоқпен жүреді. Бірақ тролейбус, трамвай тәрізді бағаналарға сүйенбейді. Экологиялық жағынан да зиянсыз. LRT-ның алғашқы желісі келесі жылы пайдалануға беріледі.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Алғашқы рельстерді төсеу Бауыржан Момышұлы мен Мөңке би көшелерінің қиылысынан басталды. Соңғы жылдары бұл маңайда тұрғын үйлер көп салынып, халық саны өсіп келеді. Болашақта LRT желісі Алматының батысы мен шығысын жалғайды.
Әкімдік өкілі құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүріп жатыр дейді. Рельс тартылмай тұрып инженерлік желілер тексеріледі.
Айкерім Айтбаева, Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:
- Бауыржан Момышұлы көшесіндегі бұл бөліктің ұзындығы – 4,4 шақырым. Екі жолды желіге 14 мыңнан аса темірбетон шпал мен 1400-ден астам рельс қажет. Қазір Төле би көшесінде де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Таңертеңгі кептелісте жүйкесі жұқарып, уақыты жолда өтетін алматылықтар LRT-ге үлкен үміт артып отыр. Жол бойында 34 бекет болады. Әр поезд бес секциядан тұрады. Сағатына 70 шақырымға дейін жүйітки алады.
Айкерім Айтбаева, Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:
- LRT желісінің алғашқы кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан деподан басталады. Одан әрі Бауыржан Момышұлы көшесімен, Төле би көшесі және Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жетеді.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Алматыдағы LRT-ның басты ерекшелігі – вагондардың батареямен жүруі. Яғни жол бойына электр сымдарын тартудың қажеті жоқ. Әрі жоба биік эстакадаларсыз салынады. Бір құрам 285 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Жеңіл рельсті көлікті 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланған.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев
Тегтер #24KZ #Алматы #LRT желісіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz