RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында 22 ескі үй сүріледі

22.09.2026, 22:01 40

Алматы облысында реновация бағдарламасы бойынша алдағы үш жылда 22 үй сүріледі.

Қонаев қаласында тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңартуға жеке инвесторлар тартыла бастады. «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы құрылыс компанияларына жер телімдерін бөліп, жобаларды қаржыландырады. Ескі үйлер сүрілгеннен кейін тұрғындар жаңа пәтерлерге «бөлме орнына бөлме» қағидаты бойынша қоныстанады.

Қонаевта тұрғын үйлерді реновациялау жұмыстары негізінен Инвентарная көшесінде жүріп жатыр. Мұнда барлығы 10 үй сүріледі. Қазірдің өзінде осы көшедегі екі ескі үйдің тұрғындары тең дәрежедегі пәтерлерге қоныстанып үлгірді. Қалған сегіз үй алдағы уақытта кезең-кезеңімен сүріледі. «Бұл біз үшін тамаша мүмкіндік», дейді бағдарламаның алғашқы қатысушыларының бірі Гүлдариға Мұхамеджанова. 

Гүлдариға Мұхамеджанова, қала тұрғыны:

- Көктемде келіп кеткен, енді қысқа дейін күн суытқанға дейін, отопление басталғанға дейін берсе жақсы болар еді деп ойлаймын енді. Өзі де соған дейін көшіп, дұрыстап реттеліп алсақ деп ойлаймын да өзім де. 

Тұрғындарға жаңа үйге көшу немесе екінші нарықтағы пәтерді таңдау құқығы беріледі. Бағдарлама 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асады. Осы уақыт ішінде облыс бойынша 22 үй сүріліп, 247 отбасы өзге пәтерге қоныстанады. Жаңа пәтерлер толық әрленеді, бөлме саны сақталады және баспананың жалпы аумағы бұрынғыдан кем болмауы тиіс. 

Самал Тасқалиева, «Қонаев» ӘКК бас менеджері:

- Жеке застройщиктің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазір құжаттарды экспертизаға дайындап жатыр өткізуге. Екі айдың ішінде экспертизадан өтіп, құрылыс рұқсатын алып, уже құрылыс монтаждық жұмыстар басталады. Екінші жер Октябрьская 24б, соның ішінде 1,6 гектар. Қазір инвестор қарастырып жатыр, құжаттарын өткізді. 

Мәдина Сейітова, ТҮКШ және абаттандыру басқармасының бас маманы:

- Ең бастысы, бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Алматы облысында тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары алдағы жылдарда да кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Реновация ескі үйлерді сүрумен ғана шектелмейді. Бұл қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға, инженерлік желілерді жаңартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тозығы жеткен, сейсмикалық тұрғыдан қауіпті ғимараттардың орнына біртіндеп заманауи әрі қауіпсіз үйлер бой көтереді.  

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz