RU
Толық нұсқаға өту

GPS пен робототехника егін шаруашылығында өнімділікті арттыруға көмектеседі

22.09.2026, 22:16 64

Елде егін шаруашылығында GPS-технологиялар мен робототехника кеңінен қолданылады.

Оның көмегімен жер бедерін тегістеуге болады. Мұндай егіс алқабының өнімділігі артады. Бұл туралы Алматыда өткен ауыл шаруашылығы және тамақ технологиялары саласындағы зерттеулер бойынша I-CRAFT 2026 халықаралық конференциясында айтылды.

Халықаралық форум осымен алтыншы рет ұйымдастырылды. Жиын Біріккен Ұлттар Ұйымының «Аштықты жою» және «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсаттарымен үндесті. Ғалымдар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту жолдарын талқылады. Әлемде осы салаға жасанды интеллект пен Big Data-ны енгізу оң өзгерістерге әкелді. Олар су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Қазақстандық ғалымдар да бірқатар зерттеуді қолға алыпты. 

Жанна Алманова, ҚР ҰҒА Агробиоресурстар және экология ғылымдары орталығының басшысы:

- Ұлттық ғылым академиясы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығару және олардың генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге арналған бағдарламалар әзірледі. Сондай-ақ су қауіпсіздігін күшейтетін DIBASS деп аталатын бағдарлама бар. Ол жасанды интеллект арқылы су қорын басқаруға көмектеседі. 

Жиында өнімді өңдеу мен сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Ғалымдар ауыл шаруашылығы шикізатын дайын өнімге айналдыру ысырапты азайтатынын мәлімдеді. Сондай-ақ тағамның құнары мен сапасын төмендетпей ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдер таныстырылды. Енді мұндай зерттеулерді өндіріске енгізу жолдары қарастырылмақ.

Ерлан Тұрысбеков, ҚР ҰҒА академигі:

- Климат жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан түрлі жағдайларға бейімделген жаңа сорттарды шығарудың маңызы артуда. Сонымен қатар ауру қоздырғыштары да жыл сайын өзгеріп, күшейе түсуде. Яғни ғалымдар бір жағынан патогендердің эволюциясымен күрессе, екінші жағынан ауруға төзімді сорттарды әзірлеуі керек. 

Халықаралық конференция өзге елдің ғалымдарымен тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқосуда жас мамандарды қолдау, ғылым мен бизнесті жақындастыру жайы да сөз болды. Болашақта шетелдіктермен ортақ жобалар әзірленбек. Яғни ғалымдар ұсынған тың идеялар енді зертханадан шаруашылыққа жол тартпақ. 

Ернұр Рысбай, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz