Түркістан облысының Отырар ауданында тұратын ұлты болгар азамат Шәмшінің әндерін шырқап, елге танымал болды.
Ол 50 жылдан бері ұлы композитордың әндерін насихаттап келеді. Көксарайдың тумасы қазақтың тілімен қатар салт-дәстүрін де ұстанады.
Геннадий Стаматов Шәмшінің әндерін нақышына келтіріп шырқағанда оның дауысы мен орындаушылық шеберлігіне таңданбайтын адам жоқ. "Менің елге танылуыма Шәмші әндерінің әсері көп болды", дейді өзі. Ауылдан ұзап шықпағандықтан ән байқауларына да көп қатыса алмаған.
Геннадий Стаматов, Көксарай ауылының тұрғыны:
- 1997 жылы Темір совхозында конкурс болды. Айдаладағы болгар жігіт Шәмші әндерінен үшінші орын алды. Комиссия мүшелері айтты. "Мына балаға бірнәрсе бермесек болмайды" деп. Сөйтіп, ауылға барғанда кәдімгідей бір "герой" болдық.
Геннадий қолына баянды алғаш рет 5-сынып оқып жүргенде алған. Содан бері той-томалақ пен ауданда өтетін мерекелік шаралардың бәрінде Шәмшінің әндерін орындайды. Бала күннен бірге өскен досы Балтабай Әуелбеков жас кезінде Генамен бірге қосылып, ән салғанын мақтан етеді.
Балтабай Әуелбеков, Көксарай ауылының тұрғыны:
- Аудан орталығында концерт болатын болса, Генаны шақырмай олар концертті бастамайтын. Осы Генаның қазақша айтқаны үшін, қазақтың әндерін орындап жүргені үшін тойдан да, іс-шаралардан да қалмайтын. Сондай әуесқой адам. Генамен бірге жүріп, ән салғанымызды мақтан тұтамыз.
Бүгінде алты баладан он шақты немере сүйіп отырған қария "дүниеде қазақтың кеңпейілдігі мен көпшілдігінен асқан қасиет жоқ" дейді. Қазақ халқы өмір бойы өнерін бағалап, төбесіне көтергенін айтады. Бөтенсіп, өзегінен теппеген. Керісінше бауырына тартып, құшағына қысқан. Осындай дархан пейіл елден қалай теріс айналуға болады, дейді ағынан жарылып.
Геннадий Стаматов, Көксарай ауылының тұрғыны:
- Тойға барамын бірінші мені шақырады "бері кел" деп. Шымкент болсын, Астана болсын, "мына болгар айтады" дейді. Не деген береке. Сені былай алақанында ұстап отыр, қазақ. "Кімсің сен"? былай айтқанда. Өзіміздің әртістер жетіп жатыр. Екінші дем пайда болады адамға. Осыншама халық саған қарап тұрғанда, шапалақ ұрып тұрғанда одан сайын шаба түсесің.
Геннадий Стаматов тек Шәмші әндерінің насхатшысы емес, қазақтың салт-дәстүрін де берік ұстанады. "Генаның "қазақ емессің" дегендерге ренжитіні де содан" дейді ауылдастары.
Өмірзақ Жүсіпқожаұлы, Көксарай ауылының бас имамы:
- Басқа ұлт өкілі болса да бүкіл қазаққа сіңісіп кеткен. Қазақтың дәстүрін барлығын өте жақсы біледі. Біз білмейтін мақалдарды біледі. Өйткені оның жаны да, тәні де, бәрі қазақ болып кеткен. Біреулер болгар деп айтпаса, көпшілік оның болгар екенін білмейді.
Ел ішінде "Көксарайдың Генасы" атанған қария осыдан 40 жыл бұрын ағайындарын іздеп, Молдоваға да барған. Туыстарын тапқанымен ол ортаға сіңісе алмайтынын бірден түсінген. Бойымды бір күш Қазақстанға, оның ішінде Көксарайыма тартып тұрды, дейді қария. Қазақпен біте қайнасып кеткен Геннадий Стаматовтың бойындағы бұл қасиет оны өзгелерден даралап тұрады.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов, Ерболат Әбіш
Тегтер #ұлт #болгар #Шәмші Қалдаяқов #әндер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz