RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда киберқылмыспен күресті күшейтті

23.09.2026, 08:22 72

Өңірде мұндай әрекеттер бес пайызға азайды. 

Алайда алаяқтың да түр-түрі бар. Жыл басынан бері 400-ден астам қылмыс анықталды.  Көбі жасанды интеллекті арқылы дипфейк жасап, жеке деректерге қол сұғады. «Мұндайларданс ақтанудың басты жолы – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру», - дейді мамандар. 

Алаяқтар адамдардың жеке дерегіне қол жеткізу үшін аянып жатқан жоқ. Түрлі әдіс-тәсілді ойлап тауып, тіпті жасанды интеллектіні көмекші етіп алған. Бұл жағдай полицияны алаңдатып отыр. Сақтық шараларын күшейтпесе, қылмыс көбейіп кетуі мүмкін. 

Тимур Хамитов, ОПД Киберпол басқармасы бастығының орынбасары:

- Көбінесе интернетте адамның сырт келбеті мен дауысын рұқсатсыз пайдаланып, оны жалған сөйлетіп қоятын дипфейктер жиі кездеседі. Ондай алдауға түсіп қалмау керек. Егер сізге таныс адам хабарласса, дереккөзді тексеру үшін оның өз ұялы телефонына қоңырау шалып, көз жеткізген жөн.

Интернет-алаяқтықтан сақтанудың басты жолы – цифрлық сауаттылық. Мамандар eGov платформасын пайдалануға кеңес береді. Мұнда әр тұрғын жеке мәліметінің қауіпсіздігін тексеріп, кибершабуылдан қорғануды тегін үйренеді.

Нұржан Жәкешов, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы:

- eGov платформасында Nomad Guard, Citizen Safe сияқты жүйелер біріктіріліп, халыққа бір қосымша арқылы қолжетімді етілді. Мұнда фишингтен сақтану, күмәнді сілтемелерге өтпеу және кибергигиена ережелерін ұстану бойынша видеосұхбат ұсынылады. Сұхбат аяқталған соң пайдаланушылар тесттен өтіп, нәтижесі бойынша сертификат алады.

Киберқылмыспен күреске Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де үлес қосуда. Мұндағы Жасанды интеллект институты болашақ мамандарды даярлайтын киберполигон әзірледі.

Нұрлан Құлмырзаев, Қорқыт Ата атындағы ҚУ Жасанды интелект институтының директоры:

- Бұл киберполигонның ерекшелігі – студенттер өз дағдыларын шынайы режимде сынай алады. Олар бір платформа ішінде өзара жарыса отырып, әртүрлі операциялық жүйелерді қолданады: атака жасау үшін Kali Linux жүйесін, ал қорғаныс ұйымдастыру үшін Parrot жүйесін пайдаланады. Осылайша, симуляция арқылы әртүрлі режимде қорғаныс орнатып, өз біліктіліктерін жетілдіре алады.

«Қанша жерден күрес күшейгенімен, әр адам сақтық шараларын естен шығармағаны жөн», - дейді мамандар. Сондықтан  жеке деректерді бөгде жанға бермей, құпия кодтарға әрдайым мұқият болуды ескертеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz