RU
Толық нұсқаға өту

Астанада тіркеу тәртібі қатаңдады

23.09.2026, 13:07 58

Енді елордадағы пәтеріңізге отбасы мүшелері мен туыстарыңыздан өзге адамдарды тіркеуге шектеу қойылады. Астана мәслихатының депутаттары тіркеуге қажетті тұрғын үй алаңының қатаң нормативін бекітті, деп хабарлайды 24KZ.

Бір бөлмелі пәтерге жүздеген адамды тіркей беретін дәурен бітті. Астана мәслихаты депутаттары нормативті нақты белгіледі. Жаңа ережеге сәйкес енді 1 адамға баспананың тек 15 шаршы метрі бөлінуі тиіс. Бұл – танысыңызды тіркеу кезінде ғана қажетті есептік норматив. Ал үй иесінің отбасы мүшелері мен туыстарына қатысы жоқ.

Григорий Громов, адвокат:

— Енді танысыңызды соның өтініші бойынша баспанаңызға тіркегіңіз келсе де, тіркей алмайсыз. Себебі үйіңізде дәл соған шақталған 15 шаршы метр болмаса, жүйе автоматты түрде сұрауыңызды қанағаттандырмайды. Ал егер ол сіздің алыс туысыңыз болса, онда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, туыстығыңызды растауыңыз қажет. Бұл норматив отбасы мүшелеріне қатысты емес. Мысалы, ата-анаңыз, жұбайыңыз немесе балаларыңызды тіркеуге ешқандай шектеу жоқ.

«Жаңашылдықтың мақсаты – заңсыз табыс тауып, баспанасын жатақханаға айналдырғандардың жолын кесу», — дейді мамандар. Бұған дейін құқық қорғау органдары Астанадағы бір ғана мекенжайда мыңға жуық адамның тіркелген дерегін анықтаған. Енді мұндай фактілер тіркеу жүйесінде бірден бұғатталады. Ал ережені бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылады. Сәйкесінше, айыппұл арқалайды.

Аян Бейсенов, қалалық Прокуратура басқармасының прокуроры:

— ҚР тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. 2026 жылдың басынан бері елордада тіркеусіз тұрғаны үшін 47 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Олардың 578-і әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта жасаған. Тұрғын үй иесі онда тұрған адамдардың тіркеусіз тұруына жол берген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 493-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.

Астана мәслихаты осылайша пәтерге заңсыз тіркеу мәселесін шешу үшін көші-қон саясатын реттеуді қолға алды. Енді прокурорлар баспана иелеріне заңды сақтап, ережені қатаң ұстануды ескертеді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz