RU
Толық нұсқаға өту

inVision U Forum 2026: болашақ мамандарға жаңа мүмкіндік

23.09.2026, 21:40 46

Жасанды интеллект білім саласына қандай өзгеріс әкеледі? Болашақ мамандар қандай талаптарға сай келуі тиіс? Бұл тақырыптар бүгін Алматыда өткен inVision U Forum барысында талқыланды, деп хабарлайды 24KZ

inVision U университеті биыл бакалаврға алғашқы студенттерін қабылдады. Бұл жоба Қаныш Сәтбаев атындағы университеттің қабырғасында министрліктің қолдауымен іске асып отыр. Мұнда студенттер креативті инженерия, цифрлық медиа және маркетинг, мемлекеттік басқару және даму стратегиялары сынды бірнеше бағыт бойынша білім алады. Тәжірибелік сабаққа көп көңіл бөлінеді. Бұның барлығы қазір еңбек нарығына қажет мамандықтар. Ал форумның негізгі тақырыбы жасанды интеллект дамыған кезеңде студенттердің бойында сыни ойлау мен бейімделу қабілетін қалыптастыру.

Эндрю Вахтель, inVision U университетінің президенті:

- Студенттер жасанды интеллект барлық сұраққа жауап береді деп есептемеу керек. Жасанды зердені басқара білу маңызды. Сонда ғана тиімді пайдалануға болады. Яғни мен өзім нені білуім керек, нені өзім істей алуым керек және нені машинаға тапсыра аламын деген тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Университет студенттері өткен жылы жобаның дайындық курсынан өткен. Биыл олардың бір бөлігі жоғары оқу орнының бірінші курсына қабылданды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда қазақ жастарынан бөлек шетелдік студенттер де оқи алады.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары:

- Алғашқы 82 студент оқуға қабылданып, биыл бірінші курста сабағын бастап жатыр. Биыл тағы дайындық курстары болды. Бұл жерде тек қана Қазақстан емес, шетелден де келіп жатыр. Себебі бұл жоба келешекте халықаралық деңгейге шығады деген үміт бар.

Мақсат Серденбаев, студент:

- Мен Қостанай қаласынан келдім. Креативті инженерия мамандығын таңдадым. Менің ойымша, ол потенциалы өте жоғары мамандық. Мен мектеп кезімнен бастап математика мен физикаға мықты болдым. Сол себепті мен инженерия бағытын таңдадым.

Университет өкілдерінің айтуынша, жоғары оқу орнының кампустары шет елдерде де ашылады. Мәселен, келесі жылы Мехикода университет кампусын ашу жоспарланған. «Бұл жағдай қазақстандық білім беру тәжірибесін халықаралық деңгейге шығаратын мүмкіндік», - дейді мамандар.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz