RU
Толық нұсқаға өту

Елордада экосаябақ ашылды

23.09.2026, 22:05 52

Астаналықтар демалатын жер іздеп қала сыртына сабылмайды. Енді бас қаланың өзінде экосаябақ ашылды.

Президент бұған дейін ірі қалалар мен облыс орталықтары маңындағы аймақтарда экологиялық саябақтар салуды тапсырған болатын. Міне, «Лес» экосаябағы сол тапсырманың жемісі. Сонымен қатар мұнда әлеуметтік осал топтағы жандарға ерекше көңіл бөлінген. Яғни брайль қарпімен жазылған тақтайшалар мен арнайы жолақтар жасалған. 

Осыдан бірнеше ай бұрын ғана бұл батпақты, игерілмеген жер болатын. Қазір туризмі түрлендірген бас шаһардың тағы бір демалыс аумағына айналды. 10 гектарды алып жатқан экологиялық саябақты жанға жайлының бәрі бар жайлау ма дерсің. Бұл инвестициялық жоба Астана үшін аса маңызды экономикалық, әлеуметтік және экологиялық шешімдерді бір жерге тоғыстыра білген. Осылайша, елорданың кеңістігі тағы бір демалыс аумағымен толықты.   

Бауыржан Ералы, ҚР Бас прокуратура Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:

- Біз экономика және экологиялық міндеттерді қатар шешетін инвестициялық жобаның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі қалалар мен облыс орталықтарының маңында, соның ішінде Астанада экосаябақтар құру тапсырылған болатын. Бүгін сол тапсырманың орындалуының дәлелін көріп отырмыз.

Жеке инвестор мұнда 4 млрд теңге қаражатын жұмсап, этноауыл салған. Болашақта аумағын кеңейтеміз деп отыр.

Мақсат Әлімбет, жоба жетекшісі:

- Кеңейтіп, үлкейтетін жобамыздың қаражаты – 25 млрд теңге. Кеңейту жобамызды тағы 5 жылға жоспарлап отырмыз. 2025 жылдан бастап 2031 жылға дейін аумағы кеңейеді. 

Экосаябақтың аумағына 2 мыңнан астам қарағай мен бұта егілген. Гүлзарлы серуендеу аймағы бар тоған да жасалған. Мұнда қонақ үй кешені, мейрамхана, шолу алаңы, сақ моншалары мен этноауыл орналасқан. Спорт және балаларға арналған алаңдар бар. Ал жалпы жоба 120 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ғалымжан Әбділахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz