Бірер күннен кейін Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтеді. Іс-шараға қос елдің 300-ге жуық компанияларының өкілдері қатыспақ.
Форум Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ 2026 жылғы 16 шілдеде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған.
Жолы бірдің – жүгі бір. Президент жақында ғана «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында осылай деп, бір-ақ ауыз сөзбен екі елдің қарым-қатынасы мен түпкі мүддесін айқындап берген еді. Иә, Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктесік бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Сөзіміз сөлді болу үшін айталық, былтыр қос ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларын құрап, соңғы бес жылда екі есеге жуық өсті. Ал Шанхайдағы жиында тараптар 15 млрд АҚШ долларынан асатын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойды. Енді қағаз бетіндегі келісімді іс жүзінде жүзеге асыру керек. Алматыда өтетін форумның да негізгі мақсаты – осы.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Біз үшін өте үлкен іс-шара. Қазақстан тарапынан 100-ге тарта серіктестер болады. Инвестор, технология, нарық іздеп жүрген компаниялар қатысады. Қытай – Қазақстан үшін ең үлкен сауда-инвестициялық әріптес.
Тараптар өңдеуші өнеркәсіпті дамытудан бастап, жасанды интеллект, көлік логистика, білім беру және ғылыми әлеует салаларына да серпін бермек. Алматыдағы жиында Astana Motors пен Chery компанияларының OMODA және JAECOO автомобильдерін өндіру жобасы, Қостанайдағы Allur Group зауытында Li Auto автомобильдерін шығару мәселесі қарастырылады. Бұдан бөлек, Алматы облысында логистикалық хаб құру, Ақтөбе облысында «жасыл» мыс өндіретін зауыт салу, Жамбыл облысында жүгеріні қайта өңдеу жобалары да назардан тыс қалмайды. Онкологиялық препараттар өндірісін жергілікті жерде жолға қою жобасы да осы жиында айтылады. Форум аясында инвестициялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, үш панельдік сессия өтеді.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Алатаудың баурайындағы келелі кеңес қос ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және өнеркәсіп, көлік және логистика, цифрлық технологиялар мен қайта өңдеу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған практикалық алаң болмақ. Жаңа жобалар өндірістерді іске қосуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев
Тегтер #24KZ #Алматы #инвестициялық жоба #форум #Қазақстан #ҚытайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz