Ширек ғасырда елдегі халық саны 26 млн-ға жетеді.
Бірақ ауыл халқы 1 миллионға азаяды. Бұл мамандардың болжамы. Әсіресе солтүстік пен шығыстағы ауылдарда адам азаяды. Бұған себеп не? Қайтпек керек?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Ауылда тұратындар азайып барады. Алдағы 25 жылда ел халқының ширегіне де жетпеуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы хабарлады. Қазір елде 20 млн 600 мың адам бар. Оның шамамен 7 млн 400 мыңы ауылда тұрады. Яғни 37 пайызы. Ал 2050 жылға қарай ел халқы 26 млн-ға жуықтайды деген болжам бар. Алайда оның 25 пайызы, яғни 6 млн 400 мыңы ғана ауылдық жерде өмір сүреді. Бұған түрлі себеп бар.
2025 жылы
Халық саны – 20,6 млн
Ауыл халқы – 7,4 млн
37%
2050 жылы
Халық саны – 25,9 млн
Ауыл халқы – 6,4 млн
25%
Мадияр Алдияров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаменті директорының орынбасары:
- Ауыл халқының мемлекеттегі ел халқының үлесі 2025 жылы 37 пайыздан 2050 жылы 25 пайызға төмендейді. Бұған бірнеше фактор бар. Ең негізгі фактор – көші-қон шығыны. 2050 жылға қарай позитивті демографиялық өсім, яғни ауылдық жердегі позитивті демографиялық көрсеткіш тек үш өңірде тіркеледі. Ол Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында.
Иә, бұл үш аймақта бала туу көрсеткіші өлім-жітімнен жоғары. Оның үстіне қазір аталған өңірлерде балалар мен жастар саны қарттардан көп. Сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облыстарында сәл кемігенімен өзге өңірлерге қарағанда айтарлықтай байқалмайды. Ал солтүстік, шығыс пен орталықтағы ауыл халқы күрт азаяды.
Мадияр Алдияров, еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаменті директорының орынбасары:
- Бір жағынан, көші-қон шығынының жоғары болып келуі, екінші жағынан жалпы табиғи өсімнің төмен деңгейі осы өңірлерде, орталық шығыс, солтүстік өңірлерде халқының санының, ауылдағы халық санының едәуір азаюына алып келеді деп атап айтуға болады. Жалпы айтқанда 2,9 млн көші-қон шығыны 2050 жылға дейін ауылдық жерлерде. Ал табиғи өсім – 1,7 млн.
Яғни орталық өкілінің айтуынша, бұл өңірлерде дүниеге келетін бала саны көшіп кететін адамнан 1 млн 200 мыңға кем. Соның салдарынан тұтас ауылдар қаңырап қалуы бек мүмкін. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында адам қарасы сирейді. Бұған әзірге Үкіметтің Солтүстікке көш бағдарламасы ғана сүйеу болып тұр.
Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитеті басқармасының басшысы:
- Қоныс аударған азаматтарға мемлекеттен, мемлекет тарапынанмемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде көшуге арналған субсидиялар, үй жалдау, коммуналдық төлемдерін өтеу және экономикалық мобильділік сертификаты беріледі.
Жыл басынан бері 7128 адам солтүстік аймақтарға қазығын қақты. Ал жыл соңына дейін тағы мыңнан аса адам көшіп баруға тиіс. Сондай-ақ келесі жылдан бастап бағдарламаға қызығушылық артады дейді мамандар. Себебі бұған дейін жоба шеңберінде қандастар мен жұмыссыз азаматтар қолдауға ие болса, енді сұранысқа ие кадрлар мен фермерлер де қатыса алады.
Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап, Ақылбек Есімсейітов, Қанат Әбілдин
Тегтер #Таңдаулы #Солтүстік Қазақстан облысы #көшPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz