Шымкентте мүгедектігі бар 3,5 мыңға жуық адамға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері тағайындалды.
18 ден 35 жасқа дейінгі азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында алғаш рет күндізгі стационарлық орталық ашылды. Онда емдеу және оңалту терапиялары тегін жасалады. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар да сауықтыру шараларын жетілдіруге үлес қоса бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін 18 жастан асқан жандар үшін күндізгі стационар ашылды. Орталықта психоневрологиялық диагнозы барлар дефектолог, музыка және еңбек нұсқаушыларының сабақтарына қатысып, массаж, дене шынықтыру және спорт жаттығуларымен айналысуға мүмкіндік алды.
Перизат Қосалиева, «Сенім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Бұл жерде қоғамдық орталық болған соң адаммен байланыс, мамандармен жұмыс, өзімен бірдей балалармен қарым-қатынас болғандықтан сөздік қоры ұлғаяды және қабылдауы жақсарады. Денсаулық, физикалық жағына келетін болсақ, кішкене аяқ-қолдары созылып, коляскада отырған балалар көбіне дене шынықтыру қабылдағаннан кейін оларда оң өзгеріс болады.
Мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеу ісіне үкіметтік емес ұйымдар да атсалысып келеді. Биыл қосымша 8 орталықта мемлекеттік тапсырыспен 150 адамға қолдау көрсетілді. Жеке секторда баланың зейінін арттырып, сөйлеу қабілетін жақсарту үшін бірегей «Томатис терапиясы» қолданысқа енгізілді.
Зүлфия Нұрқожаева, орталық басшысы:
- Қаражатымызға қарай алып жатқан аппараттарымыз осы болып тұр. Енді жақын арада орталықты мемлекетке жартылай болса да өткізе алсақ деп отырымыз. Себебі қаражаттың жоқтығынан ата-аналар уақыттарын құртып алып жатады. Бір жылдың қорытындысын алған кезімізде біз толық қанды 12 баланы мектепке бердік. Одан кейінгісі 14 бала толық нормативті балабақшаға ауыстырдық.
Биыл ерекше қажеттілігі бар 3,5 мыңға жуық азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер тағайындалды. Осы мақсатта алғаш рет жан басына қаржыландыру жүйесі іске қосылып, бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар гигиеналық заттар мен қозғалыс арбалары және протездік-ортапедиялық құралдармен қамту мақсатында 20 мыңға жуық өтініш қанағаттандырылды.
Раушан Сейдақбар, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:
- Осы уақытқа дейін біз жан басына қаржыландыруға өтпеген кезде жалпылама қаржыны құйып беретінбіз. Әр маман өзіне. Енді қазір барған адамға ғана төлейміз. Бұл дегеніміз - бюджет қаржысын тиімді оңтайландыру мақсатында жасалып жатқан дүние.
Биыл мегаполисте Президент тапсырмасымен 150 орындық оңалту орталығы қолданысқа беріледі. Мұнда I және II топтағы мүгедектігі бар жандарға жартылай стационарлық қызмет көрсету жоспарланған. Қазір бес блоктан тұратын заманауи кешеннің құрылысы 85 процентке аяқталды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #мүгедек жан #әлеуметтік #қызметPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz