RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда мемлекет толық қамтамасыз ететін азаматтардың төлеміне өзгеріс енгізілмек

24.09.2026, 16:07 48

Қазақстанда мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін азаматтарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру ұсынылып отыр, деп хабарлайды 24KZ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Тиісті өзгерістер бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.

Қазір арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын азаматтардың негізгі шығындары мемлекет есебінен өтеледі. Атап айтқанда, олардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік және медициналық қызметтері, күтімі бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Мұндай мемлекеттік қамтамасыз ету қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған азаматтарға да қарастырылған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы тікелей азаматқа беріледі. Ал қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.

Азаматтардың өз қарамағында қалатын қаражат көлемі өзгермейді. Қазіргі тәртіптегідей, зейнетақы төлемі немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы олардың жеке қажетіне жұмсалады, – деп түсіндірді ведомство.

Алайда толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығындар бюджеттен қазірдің өзінде өтеліп отыр. Осыған байланысты бір шығынды екі рет қаржыландырмау үшін төлемнің қалған 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.

Қалған 70%-ды мемлекет тарапынан бұрыннан қаржыландырылып отырған шығындарды қайта өтеуге бағыттамау ұсынылады. Үнемделген бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін, – деп хабарлады жауапты ведомство.

Министрлік ұсынылып отырған өзгерістер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартпайтынын атап өтті. Яғни олардың тұруы, тамақтануы, күтімі, медициналық көмегі және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтері бұрынғыдай мемлекет есебінен көрсетіледі.

Жаңа тәртіп азамат толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңде ғана қолданылады. Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруын тоқтатқаннан немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде қайта төленеді.

Осылайша, азаматтардың қазіргі тәртіп бойынша өз қарамағында қалатын 30% қаражаты сақталады. Негізгі өзгеріс қалған 70%-ды пайдалану тәртібіне қатысты. Бұл бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz