Қазақстанда балық пен теңіз өнімдерін ең көп тұтынатын өңір белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында бірінші тоқсанда жан басына шаққанда 5,8 келі балық пен теңіз өнімі тұтынылған.
Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы – 5,4 келі. Одан кейін Ақмола облысы – 4,8 келі және Батыс Қазақстан облысы – 4,7 келі.
Ең төмен көрсеткіш Шымкент қаласында тіркелді. Мұнда жан басына шаққанда небәрі 1,8 келі балық пен теңіз өнімі тұтынылған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштің тура жартысы.
Балықты аз тұтынатын өңірлер қатарында Маңғыстау облысы – 2,5 келі, Ұлытау облысы – 2,7 келі және Астана қаласы – 2,8 келі көрсеткішімен тұр.
Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну көлемі үй шаруашылығындағы адам санына қарай да өзгереді.
2026 жылдың бірінші тоқсанында бір адамнан тұратын үй шаруашылықтарында жан басына шаққанда орта есеппен 7,1 келі балық пен теңіз өнімі тұтынылған. Екі адамнан тұратын отбасыларда бұл көрсеткіш 5,1 келі, үш адамнан тұратындарда – 3,6 келі, төрт адамнан тұратындарда – 2,9 келі болды. Ал бес және одан да көп адам тұратын үй шаруашылықтарында жан басына шаққандағы тұтыну көлемі 2,6 келіні құрады.
Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда бір, үш және төрт адамнан тұратын үй шаруашылықтарында балық пен теңіз өнімдерін тұтыну аздап төмендеді. Ал қалған санаттарда көрсеткіш өзгеріссіз қалды, – делінген зерттеуде.
Сонымен қатар үй шаруашылықтарының тұтыну шығындарындағы балық пен теңіз өнімдеріне жұмсалатын қаражаттың үлесі 2,3% деңгейінде сақталған. Салыстыру үшін, 2015 жылы бұл өнімдерге шығындардың 1,4%-ы жұмсалған.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #балық өнімдері #теңіз өнімдеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz