Каспий теңізінің жағалауында 19 әскери қызметші суға кетіп, 9-ы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қазір қалғандарын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, оқиға ауа райының күрт бұзылуынан болған. Сарбаздардың қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға Каспий жағасында күн райының күрт бұзылуынан басталды. Дүлей дауыл күшейіп, оқу-жаттығу жиынында жүрген 19 сарбазды суға әкеткен. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, қайғылы жағдай O'mir Glamping демалыс базасы аумағында болған. Бұл жер Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым қашықтықта орналасқан. Қайғылы орынға жедел-құтқару қызметтері жіберіліп, бірнеше орган жұмылдырылды.
Әскери қызметшілердің қаза болу себептерін Үкіметтік комиссия тергейді. Оның құрамына Маңғыстау облысының әкімі, Бас әскери прокурор және бірнеше министрлік пен шекара қызметінің өкілдері кірді.
Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру тапсырылды. Оған қоса қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету жүктелді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылды. Оның барысы ерекше бақылауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде «Хазар қорғаны — 2026» әскери оқу-жаттығуы басталған. Ауқымды маневрге 500-ден астам әскери қызметші жұмылдырылды. Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік етті.
Айта кетейік, бұл – Қарт Каспийдың жағасындағы алғашқы қасірет емес. Осыдан тура 11 жыл бұрын Ақтау маңындағы «Орталық–2015» оқу-жаттығуы кезінде төрт сарбаз көз жұмды. Кейін бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бірқатар әскери лауазымды тұлға жауапқа тартылған.
Тегтер #Каспийдегі қайғылы оқиға #сарбаздар #қаза тапқандар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz