RU
Толық нұсқаға өту

Екібастұз қаласында суды заңсыз пайдаланған шаруалардың жолы кесілді

24.09.2026, 19:40 51

Судың да сұрауы бар. Екібастұз қаласында жергілікті прокуратура суды заңсыз пайдаланған шаруалардың жолын кесті. Олар арнайы рұқсат қағазынсыз 2 мың гектардан астам алқапты суарып отырған. Осылайша, мемлекетке 8 млн теңге көлемінде шығын келтірілді. Жалпы жыл басталғалы елде тіршілік нәрісінің көлеңкелі айналымының мыңға жуық дерегі әшкереленді, деп хабарлайды 24KZ.

Заңды елемегендер Екібастұз қаласында анықталды. Жергілікті прокуратура суды сұраусыз алып, оны оңды-солды жаратқан шаруалардың жолын кесті. Осылайша, олар тиісті құжатты рәсімдеместен 2 мың гектардан астам егіс алқабын суарған. Арнайы тексерістен соң олқылық дереу жойылды. Ал мемлекетке келтірген шығын үшін кінәлілерге 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Айман Жаминова, Екібастұз қаласы прокуратурасының прокуроры:

- Анықталған бұзушылықтар жойылды. Бюджетке су ресурстарын пайдаланғаны үшін 8 млн теңгеден астам қосымша төлем енгізілді. 4 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші су пайдалануға шарттар жасап, тиісті рұқсат алды. 

Жалпы бұл Павлодар облысындағы алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де өңірде суды заңсыз пайдаланудың 50-ге жуық дерегі әшкереленді. Нәтижесінде 15 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекетке 20 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Бұл — бір ғана мысал. Тіршілік нәрісінің көлеңкелі айналымына тосқауыл қоюға бағытталған елде жол картасы әзірленді. Оның аясында тиісті аумақтарға ғарыштық мониторинг жүргізіліп, саланы цифрландыру қарқыны артты.

Сейілбек Нұрымбетов ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы:

— Биыл бассейндік су инспекциялары заңсыз су пайдалану фактілері бойынша 17 мың гектардан астам жерді суарған 251 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар «Қазсушар» суару жүйелерінде шарт жасаспай 5,5 мың гектар жерді суарудың 929 фактісі анықталды. Осылайша, судың көлеңкелі айналымына қарсы күрес жүйелі сипат алып, тұрақты негізде жалғасын табады.

Есесіне елде заманауи суару жүйесіне көшкен шаруаларды қолдау артты. Мемлекет енді суға берілетін субсидия көлемін 60-тан 85 пайызға ұлғайтпақ. Мәрлен Абылғазинов 20 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, жаңа технология мол өнім алуға сеп. Сол үшін де шаруа тағы 120 гектар алқапқа жүгері егіп, одан 6 мың тоннадан астам өнім жинауды көздеп отыр.

Мәрлен Абылғазинов, шаруа қожалығының басшысы:

— Израиль технологиясы бойынша жұмыс істейтін тамшылатып суару жүйесін 2020 жылы орнаттық. Соның арқасында өнімділік 3-4 есе артты. Биыл бұл алқаптан тауарлы сүт фермасындағы сиырларымызға қажетті мал азығын дайындап жатырмыз. Әр гектардан шамамен 50 тоннадан өнім алып жатырмыз.

Назерке Тоқжан, тілші:

— Соңғы 3 жылда елде су үнемдеу технологиясы енгізілген ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі үш есе өсті. 2030 жылға қарай бұл меже 1,3 млн гектарға жетуі тиіс. Алайда су үнемдеу тек технологиядан тұрмайтыны белгілі. Күнделікті өмірде әр тамшыға ұқыппен қарап, тіпті оны заңсыз пайдалануға жол бермеу де — ортақ жауапкершілік.

Авторлары: Назерке Тоқжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz