Алматы облысының Балқаш ауданында жыл соңына дейін 207 пәтер пайдалануға беріледі. Жаңадан салынған үйлердің жалпы аумағы – 13195 шаршы метр.
Аудан бойынша 1158 адам тұрғын үй кезегінде тұрса, соның тең жартысына жуығы әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар.
Алматы облысында әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Балқаш ауданында өткен жылы 90 үй салынып, баспанаға мұқтаж жандарға берілді. Кезекке тұрып, «Отбасы банкі» арқылы үй алған жандардың бірі – Земфира Бесбаева. Көпбалалы ана аудан орталығы Бақанасқа Қарой ауылынан көшіп келген.
Земфира Бесбаева, ауыл тұрғыны:
- Сапасы жақсы, 84 шаршы метр, ауласы кең. Көршілеріміз бар. Жер үйде тұрамыз, үш бөлмелі. Аллаға шүкір, жақсы. Ай сайын 21 333 теңге төлейміз. Жақсы орналастық, үйрендік. Бес ай болып қалды.
Жыл соңына дейін Балқаш ауданы бойынша тағы 207 пәтер пайдалануға беріледі. Инженерлік желілер тартылып, аулалар абаттандырылған. Қазір балалар ойнайтын алаңқайлар жасақталып жатыр.
Болат Абдиев, Балқаш аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы:
- Миялы ауылында 10 тұрғын үйдің құрылысы басталып, қазір аяқталуда. Бақбақты ауылында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Сонымен қоса мына Ақдала ауылында 20 үйдің құрылысы басталып, осы биылғы жылы аяқталады.
Нұрбол Бекбасов, мердігер:
- 14 тұрғын үй салып жатырмыз, 168 пәтер. Құдай қаласа, осы жылдың соңына дейін пайдалануға береміз. Екі қабатты көппәтерлі үйлер. Әр үйде 12 пәтерден орналасқан.
Балқаш ауданы бойынша 1100-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның 40 пайыздайы әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар. Аудандық құрылыс бөлімі жаңа пәтерлерді қараша айына дейін сатып алып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне өткізеді. Кейін ол жалдамалы үйлер «Отбасы банкі» арқылы кезекте тұрғандарға беріледі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Балқаш #отбасы #пәтер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz