RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында «Байбура» асуындағы жылыту пункті пайдалануға берілді

25.09.2026, 10:27 46

Абай облысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ халықаралық көлік дәлізінің күрделі таулы бөліктерінің бірі – «Байбура» асуындағы жылыту пунктін жаңғыртып, пайдалануға берді. Жаңа кешен қатты аяз, боран, қар құрсауы және төтенше жағдай кезінде жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіз орын мен қажетті көмек көрсетуге арналған, деп хабарлайды «24KZ».

Жылыту пункті республикалық маңызы бар KAZ07 «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Зайсан қаласының айналма жолы – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» автожолында орналасқан. Бұл бағыт Қытай, Қазақстан және Ресейді байланыстыратын халықаралық көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Нысанның маңызы оның орналасқан жерімен тікелей байланысты. «Байбура» асуының жер бедері күрделі, ауа райы құбылмалы. Мұнда екпінді жел, ұзаққа созылатын боран, температураның күрт өзгеруі мен қар үйінділері жиі кездеседі. Мұндай кезде жолдың көрінуі нашарлап, көлік қозғалысы қиындайды.

«Байбура – жай ғана жол бойындағы сервис нысаны емес. Бұл халықаралық жолдың ең күрделі учаскелерінің біріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды нысан. Төтенше жағдайда адам жылы жерге кіріп, қажетті көмек алып, жол ашылғанша қауіпсіз жерде күте алуы керек. Сондықтан жолды қайта жаңарту кезінде мұнда ауа райының ең күрделі жағдайында да жол және төтенше жағдайлар қызметтерінің жедел жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылым жасауды көздедік», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Нысанды жаңғыртудың қаншалықты қажет екенін 2024 жылғы 16 ақпандағы жағдай анық көрсетті. Сол күні «Байбура» асуында қатты боран соғып, 126 көлік пен 384 адам қар құрсауында қалды. Олардың арасында 90 жеңіл көлік, 35 жүк көлігі және бір автобус болды. Құтқару жұмыстарына екі Ми-17 тікұшағы да жұмылдырылды.

Жаңғыртудан кейін «Байбура» төтенше жағдай кезінде адамдарға көмек көрсетуге қажетті барлық жағдайы бар кешенге айналды.

Мұнда 20 адамға арналған жылыту пункті бар. Оның ішінде 10 орындық асхана, екі санитарлық торап және душ бөлмесі қарастырылған. Жол техникасының үш бірлігіне арналған жылы ангар, құм мен көктайғаққа қарсы материалдарды сақтайтын 144 шаршы метр жабық қойма, сондай-ақ аумағы 108 шаршы метр болатын жылы санитарлық-гигиеналық торап салынды.

Төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысы үшін аумағы 380 шаршы метрлік тікұшақ алаңы жасалды. Нысанды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Көкпекті ауылынан 35 шақырымдық 10 кВ әуе электр желісі тартылып, қосымша дизель генераторы орнатылды.

«Байбура» жылыту пунктін жаңғырту 906–1321 шақырым аралығындағы «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын ауқымды қайта жаңартудың бір бөлігі болды.

Атап айтқанда, «Байбура» асуы арқылы өтетін 955–995 шақырым аралығындағы 40 шақырым жол толық қайта жаңартылды. Мұнда 360 989 шаршы метр жол жамылғысының үстіңгі қабаты төселіп, үш көпір мен 51 су өткізу құбыры салынды.

Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін 42 665 бойлық метр тосқауыл қоршауы, 425 жол белгісі және 23 952 бойлық метр қардан қорғайтын қоршау орнатылып, жол учаскесі пайдалануға берілді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz