RU
Толық нұсқаға өту

Қостанайдағы мектепте пластик қалдықтары өңделеді

25.09.2026, 13:40 41

Қостанайдағы №19 мектептің аула аймағы жасыл түске көмкерілген. Білім ордасының безендірілуі, айрықша белгілері мұндағылардың қоршаған ортаға аса бір құрметпен қарайтындығын көрсетеді.

Мыңнан аса бала оқитын мектеп оқушыларының басым бөлігі экологиялық-биологиялық үйірмеге қатысады. Олар теория түрінде ғана емес, нақты іс жүзінде табиғатты қорғауға атсалысып жүр. 

Шыңғыс Сермағамбетов, №19 мектеп оқушысы:

- Пластик қалдықтарын өңдейтін мына жәшіктерді үш ай бұрын орнатты. Біз осы аралықта 10 килограмм пластик қалдықтарын жинап өңдедік. Алдағы уақытта бұдан да көп жинаймыз деп ойдамын.

Пластик ыдыс қақпақтарын ұсататын мынау велошредерді экологиялық байқауда жеңіп алған. Педалін айналдыру физикалық күшті қажет еткенімен, қондырғы қатты қақпақты лезде үгітіп тастайды. Экобелсенділер мұнымен тоқтамай 3д принтер арқылы пластикті таспа етіп тіліп, жіп шығара бастады. 

Жанна Байқожаева, информатика мұғалімі:

- Бұл жіп негізінен 3D принтерде қолданылады, яғни заттарды басып шығару үшін қажетті жіп. Соны қалдықтан өзіміз өндіреміз. Ал мынау шаңсорғыш бөлшегін де пластик қалдығынан өзіміз жасап шығардық.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрмыс қалдықтарын жинау және сұрыптау жобасына өңірдегі 100 мектептен 10 мыңға жуық оқушы қатысады. Соңғы жылда ғана олар 600 келі электр батареясын, 1,5 тонна аллюминий бәнкісін әкеліп, тапсырған.

Наурызбек Бірмағамбетов, «Neco» экологиялық клубы» ҚҚ төрағасы: 

- Біз қалдық батарея, пластик қақпақтарын, аллюминий бәнкілерін қысы-жазы жинаймыз. Жылдан жылға экололгиялық қозғалысқа атсалысатын оқу орындары көбейіп келеді. Қазақстанда алғаш осы Қостанай мектептерінде пластик қақпақтарын жинайтын контейнерлер орнатылды. 

Тазалыққа жаны құмар белсенділер болашақта мектептерде пластикті қайта өңдеп, түрлі құрал-жабдықтар шығаратын қондырғылар орнатуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz