Жетісу облысындағы көкөніс алқаптарында жиын-терім жұмыстары аяқталып қалды. Шаруалардың айтуынша, еңбек еш кетпеген. «Әсіресе пияз бен картоптың шығымы жақсы», - дейді олар.
Қазір жиналған өнім қоймаларға жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар бұл көкөністер енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қолданылады.
Көксу ауданындағы бұл шаруашылық биыл алғаш рет картоп егіп, шығымын сынап көрді. Көкөніс дақылына 33 гектар жерді арнапты. Қазір төккен тердің ақталғанын көріп, бір серпіліп қалдық,- дейді мұндағы жұмысшылар. Шаруалар гектарынан 25 тонна өнім жинаған.
Таймыр Маматаев, шаруа қожалығының жұмысшысы:
- Алғаш рет егіп жатырмыз. Жерсінетін көрінеді, тек уақытылы суарып, зиянкестердің дәрілерін беріп отырса болатын көрінеді. 300 тонна алдық.
Алғашқы аяздан соң сәбіз де теріліп, 790 тоннасы тұрақтандыру қорына жіберіледі. Ескендір Жайлығұлов 12 жылдан бері көкөніс егіп, көп-көрім нәпақасын тауып жүр. Айтуынша, күзде құр алақан қалған кезі жоқ. Шығым да жақсы, өткізу де тиімді. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қоймаларды өнім түріне толтыруға атсалысуда.
Ескендір Жайлығұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Пияз бен сәбіз екеуіне 80 млн теңге ақша алып отырмын. Екі өнімнің, яғни сәбіздің биылға қойылған 785 тоннасын, жуаның 500 тоннасын қоймаға кіргізу керек.
Аймақта алты шаруа қожалығы тұрақтандыру қорын көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Есесіне картоп пен пияз және сәбіз белгіленген сауда нүктелерінде халыққа арзан бағамен ұсынылады.
Бахтияр Сембеков, «Жетісу» ӘКК департамент директоры:
- Келісімшартталған өнім 2300 тонна біздің Алматы Өскемен айналма жолында орналасқан көкөніс қоймасына салынатын болады. Картоп 200 тг, сәбіз 160 тг және пияз 80 тг аспайтын бағамен сатылатын болады.
Сала басшыларының айтуынша, жаздағы күн райы жер емген шаруаларға жайлы болды. Қазір өлкеде жалпы 317 мың тонна көкөніс жиналды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #24KZ #Жетісу облысы #жиын терімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz