RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытау облысында қайтарылған қаражат есебінен 17 жоба жүзеге асты

25.09.2026, 15:50 34

Соның бірі – Жаңаарқа ауданы, Манадыр ауылындағы орта мектеп. 80 оқушыға лайықталған білім ордасы жаңа оқу жылында қолданысқа берілді.

Айта кетейік, елді мекенде осыған дейін типтік үлгідегі білім беру мекемесі болмаған. Ауыл балалары Кеңес үкіметі кезінде совхоз директоры тұрған үш бөлмелі үйде оқыды. Ал жаңадан салынған заманауи мектепте оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған.

Білім ошағында 18 оқу кабинеті, робототехника сыныбы, спорт залы, сондай-ақ баскетбол және футбол алаңдары бар. Мектеп құрылысына арнайы мемлекеттік қордан 1,2 млрд теңге жұмсалды. Қазір мұнда даярлық сыныбымен қоса алғанда 100-ден астам бала білім алады.

Айару Ермек, оқушы:

- Біздің ауылда осындай екі қабатты жайлы мектеп салынғанына өте қуаныштымыз. Бұл – екінің біріне беріле бермейтін бақыт. Жайлы мектепте әр оқушының жағдайы жасалған. Біз ризамыз, қуаныштымыз. Бұл мектепте оқу бізді қуантады. Осындай мектеп салғандарыңызға рақмет.

Ауыл балалары осыған дейін кеңес дәуірінде совхоз директоры тұрған үш бөлмелі үйде оқыды. Оқу ғимараты болмаған соң мектеп 9 жылдық негізгі мектеп түрінде жұмыс істеді. Ал мына жаңа ғимаратта бір ауысымда 80 оқушы білім алады.

Еркін Мұқанов, мектеп директоры:

-10-11 сыныпты басқа бір туысқан ағайындарының қолында жатып оқыды. Ата-аналарға қиындық келді. Бұл жерде барлығына орын тар болды. Ал енді қазіргі таңда барлық сыныптар өзімізде қалады деп ойлаймын. 10-11 сынып өзімізде оқыса, 11 жылдық болып болашақта ашылсақ, ауылға үлкен жетістік деп ойлаймын.

Облыс бойынша қайтарылған автиктер есебінен 17 жоба жүзеге асуда. Оған арнайы қордан 19,3 млрд теңге бөлінді. Негізгі басымдық білім мен денсаулық сақтау саласына берілген.

Ибрагим Бестайбеков, облыс прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

- Бүгінгі таңда 17 жобаның жетеуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория берілді. Олар Жезқазған қаласында, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында орналасқан. Соның нәтижесінде 4,5 мыңнан астам тұрғын сапалы медициналық көмекке қол жеткізді. Барлық нысандардың құрылысы мен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.

Қайтарылған қаржыға өңірдегі 3 ауылға ауыз су тартылды. Қазір тағы бір мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Ол Қаражал қаласындағы Теміржол шағын ауданында орналасқан.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz