Қыс қыр астында.
Әне-міне дегенше, қытымыр аяз күшіне мінеді. Алайда елдің бірқатар өңірі жылу маусымына толық дайын емес. Бұқара бүрсең қағып, дірдек соқпаймыз ба деп алаңдап отыр. Үкімет жағдай бақылауда екенін алға тартып, тұрғындарға жылу уақытында берілетінін хабарлады.
Қазан кіре сала "кәрі құда" төрге шығады. Елдің солтүстігі мен шығысында түнде үсік жүріп, температура 0 градусстан төмен түсуі ықтимал. Ал қалың қараша бұған дейінгі жылу жүйелерінің жыларман күйін ұмытқан жоқ. Сол үшін алаңдап отыр. Алайда Энергетика министрі дайындық жақсы дейді. 4 энергия блогы, 30 қазандық және 19 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 17 мың шақырым электр беру желілері жөнделді. Сондай-ақ жоспардағы жылу желілерінің дайындығы 97%-ға жетті.
Энергоблок − 4
Қазандық − 30
Турбина − 19
Электр беру желілері − 14 мың км
Жылу желілерінің жалпы дайындығы − 97%
Павлодар облысы жылу маусымын бастап кетті. Өңір тұрғындарына 10 күн бұрын жылу берілді. Енді қалған өңірлердің дайындығы көп ұзамай сыналады. Бірақ жауаптылар қысқа бәрі бірдей әзір емес екенін айтады. Бірқатар өңірде әлі де пысықтауды қажет ететін жұмыстар бар.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Петропавл қаласының жылу магистральдары бойынша дайындық 95%-ды құрайды, барлық жұмыстарды осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Степногорск қаласында желінің жалпы дайындығы 76%-ды құрады. Аяқтау мерзімі осы жылғы 25 қыркүйекте күтілуде. Семей қаласындағы үш жоба бойынша жоспардың орындалуы 70%-ды құрайды. Сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштарды жеткізу тек 26 қыркүйекте күтілуде.
Осы аптаның соңына дейін Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына, ал 1 қазанға дейін солтүстік және шығыс өңірлердің қалған бөлігіне жылу беру жоспарланып отыр. Шығыс-Қазақстан облысында 45 шақырымға жуық жылу желісі жаңғыртылып жатыр. Кей қазандықтың жабдықтары тоза бастаған, алайда осы қыстан шығуға жетеді дейді мамандар.
Самат Дайыров, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Қалған қазандықтар мен ЖЭО бойынша да жұмыстардың 97-98% атқарылды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жалпы жылыту маусымын бастауға және жылуды уақытылы беруге қатысты мәселе жоқ. Негізгі жабдықтардың барлығы жұмыс істеп тұр. Қазір жылу көздері үшін шамамен 600 мың тонна көмір дайындалды.
Ал Петропавлда жылу электр орталығының негізгі жабдықтарын жөндеуге 21 млрд теңге жұмсалған. Жауаптылардың айтуынша, өңір қытымыр қысты қарсы алуға толық дайын.
Дмитрий Захаров, жылумен жабдықтау кәсіпорнының директоры:
- Жылу беру маусымын бастауға 5 қазандық агрегаты мен 5 турбоагрегат жеткілікті. 30 қыркүйекке қарай тағы екі қазандық агрегатын жөндеу аяқталады. Сөйтіп, жалпы биылғы қыс мезгіліне 10 қазандық агрегатымен және 6 турбоагрегатпен кіргелі отырмыз. Бұл ең жоғары жүктемеге төтеп беріп, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Осылайша барлық өңірде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Десе де, Үкімет басшысы Степногорск, Семей және Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аударуды тапсырды. Енді өңір әкімдері қысқа дайындық мәселесін жеке бақылауында ұстауы тиіс.
Бекзат Аманов
Тегтер #жылыту маусымы #дайындық #әкімдер #24KZ #Олжас БектеновPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz