RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты халықаралық конференция өтті

26.09.2026, 17:35 43

Алқалы жиынға 12 мемлекеттен жиналған 100-ден астам ғалым мен тарихшы қатысты. Олар түркі өркениетінің пайда болуы, оның мәдениеті мен жазбаларына қатысты мәселелерді көтеріп, ғылыми пайымдарын ұсынды. 

Өр Алтай – түркілердің атамекені. Дәл осындай атаумен өткен жиын осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осыған дейін екі кездесу Ресейде өткен. Ал, биыл ғалымдар ел Президентінің бастамасымен Бурбай баурайында бас қосты. «Жиынның мәні де, маңызы да зор», - дейді қатысушылар. Өйткені түркі өркениетіне қатысты әлі ашылмаған дерек көп. Соны тарихшылар бірлесіп шешуге ынталы.

Зейнолла Самашев, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор:

- Конференцияда өзекті мәселелердің барлығын ғалымдардың жан-жақтан бірлесіп зерттеуі – негізгі мәселе. Бірақ жан-жақтағы ғалымдар өздерінің қолындағы мүмкіндіктерді, яғни жазба деректері, лингвистика, археология, тарихи деректермен барлығын біріктіріп, зерттеген кезде бір шындыққа жақындай түсетін сияқтымыз.

Еркін Әбіл, тарих ғылымдарының докторы:

- Негізінде Алтай тақырыбы бірнеше халықты біріктіреді. Жалғыз Қазақстан мен Ресей емес, сонымен бірге Қырғызстан, Монғолия, Қытай. Өр Алтайды расында да мына монғол, түркі халықтарының тарихи бесігі деп айтуға болады.

Иә, қазір бұл жиын ғалымдарың бас қосып, тәжірибе алмасатын бірегей халықаралық алаңға айналды. Конференцияда сөз алғандардың бірі түркілердің тарихы мен шығу тегіне тоқсалса, енді бірі олардың жазуы мен өркениетін кеңінен түсіндірді.

Байболот Абытов Ош университетінің профессоры /Қырғызстан/:

- Біз қазақ бауырластар мен қырғыздар түркі және көшпелі өркениетті кеңінен қолданда білдік. Ал басқа елдерде ол аса қатты дамымаған. Тіпті көбі түркі және көшпелі өркениеттерді бір ұғым деп қабылдайды. Алайда олар өзара ұқсас болғанымен, бір ұғым емес. Түркі өркениеттерінің барлығы бірдей көшпелі болған жоқ, ал көшпелі өркениеттердің барлығы түркі өркениетіне жатпайды. Бүгінгі кездесуде  көптеген елдің ғылыми қауымдастығының өкілдері осы және өзге де өзекті сауалдарға оң жауабын берді.

Жыл санап алқалы жиынның ауқымы да кеңейіп келеді. Бастапқы кезде шараға небәрі 70 шақты адам қатысқан. Қазір бұл көрсеткіш екі есеге дейін артып отыр. Биыл тіпті Еуропаның ғалымдары да конференцияға ерекше қызығушылық танытқан.

Михаил Мягков, Ресей әскери-тарихи қоғамының ғылыми директоры /Ресей Федерациясы/:

- Жыл санап конференцияның ауқымы кеңейіп келеді. Өйткені қазір алқалы жиынға тек Орталық Азияның ғана емес, Еуропаның ғалымдары да қатысады. Олардың қызығушылығы зор. Өйткені Венгрияда орта ғасырдағы түркі әлемінің іздері жатыр. Сондықтан ғылыми қауымдастық өкілдері қазір осы бағытты жан-жақты зерттеу үстінде.

«Осылайша, халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы бүкіл Еуразия кеңістігін мекендейтін халықтар арасындағы диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді», - дейді ұйымдастырушылар. Жиын қорытындысы бойынша түркі өркениетін әр қарай зерттеп, дамыту жөнінде арнайы резолюция қабылдады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz