RU
Толық нұсқаға өту

Семейдегі отбасының ұстаздық еңбек өтілі 126 жылдан асты

27.09.2026, 09:29 63

Отынбаевтар отбасы үшін педагогика жай ғана мамандық емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өмір салты.

Әулет мүшелері тарихтан бастап өнерге дейін түрлі бағытта шәкірт тәрбиелеп отыр. Ата-ананың кәсібін жалғастырған перзенттері бүгінде білім мен шығармашылық саласында еңбек етіп, өз шәкірттеріне білгенін үйретіп жүр. 

Гүлмира Отынбаева Жарма ауданының Бөкей кентінде дүниеге келген. Жастайынан қолөнерге қызыққан ол бүгінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Ұстаздық жолда жүргеніне 42 жыл болған. Өнерге деген сүйіспеншілігін шәкірттеріне үйретіп, ұлттық қолөнерді дәріптеп келеді.

Гүлмира Отынбаева, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

- Өнер саласы мен ұстаздық сала бір-бірімен тығыз байланысты. Біз үйде отырғанда әртүрлі өзіміздің жұмысымызды айтып отырамыз. Біреуіміз тіккен көрпемізді, біреуіміз айтқан өлеңімізді, біреуіміз ойнаған аспабымыздың оқушыларға қалай үйреткенімізді үйде талқылап отырамыз. Үйде де кәдімгідей жұмыс болып кетеді бізде. Өнер саласын да, ұстаздықты да екеуін қатар алып жүріп жатырмыз.

Гүлмира Отынбаеваның жұбайы Озат Отынбаев та 41 жыл тарих пәнінен сабақ берген. Бүгінде ардагер ұстаз  еңбек демалысында. Ерлі-зайыпты 1984 жылы шаңырақ көтерген. Қазір бес баладан сегіз немере сүйіп отыр. Перзенттерінің барлығы білім беру немесе өнер саласын таңдаған. Әулет мүшелері ұзақ жылдар бойы шәкірттерін түрлі шығармашылық байқауларға дайындап, талай жастың өнерін шыңдаған.

Озат Отынбаев, ардагер ұстаз:

- Біздің інілеріміз, қарындастарымыз да осы музыкаға жуық болды. Біздің арамызда жүрген соң балалар да жастайынан жақын болды. Біз айттық бізбен енді тоқтасын, сендер басқа мамандықты таңдаңдар балалар деп. Оған балалар айналып-айналып келді де осы музыкадан шыға алмады. Сол өнердің маңайында барлығы. 

Әулеттің кенжесі Ергелді Отынбаев биыл жоғары оқу орнын тәмамдап, ұстаздық жолын бастаған. Қазір Татар өнер мектебінде флейтадан сабақ береді. Жас маман үшін ата-анасының кәсібін жалғастыру жауапкершілікпен қатар үлкен мәртебе.

Ергелді Отынбаев, музыка пәнінің мұғалімі:

-  Қазір менде 14 оқушым бар. Кішкентайынан бастап 1, 7-сынып оқушылары бар.Олар 6-14 жас аралығында. Бәрі жақсы ойнайды. Өте қатты қызығушылықпен келеді кейде менен ерте келіп алып, күтіп отырады. Флейта деген алған бетте ойнап кететін аспап емес қой, сәл қыздырынатыны бар. Сол үшін менің де өздерінің уақытын ойнап ерте келеді. Қызығушылықтары қатты оқушылардың.

Отынбаевтар әулетінің ең басты ұстанымы ерінбей еңбек етіп, кейінгі буынға өнеге көрсету. Ұстаздар династиясы "Еңбек жолы-2026" конкурсына қатысып, "Үздік еңбек әулеті" аталымын жеңіп алды. 

Айжан Мұқышева, тарих пәнінің мұғалімі:

- Ұрпақты ұлттық құндылыққа, қолөнерге баулып келе жатқан тамаша ұстаздарымыздың бірі. Отбасылық жұп ретінде Озат Қалымұлымен де әріптеспін. Өйткені ол кісі тарих пәнінің мұғалімі болған. Отбасыларын өте жақсы танимын. Өте жақсы, тәрбиелі жанұя. Ол кісілермен әріптес болғаныма қуаныштымын. Әріптес ретінде жоғары бағалаймын.

Бір әулеттің 126 жылдық ұстаздық жолы мамандыққа адалдық пен ұрпаққа үлгі болудың көрінісі. Бүгінде Отынбаевтар отбасы дәстүрді жалғастырып, білім мен өнерді кейінгі буынға аманат етіп келеді.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz