RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысы Көксарай ауылында 5 гектар жерге павлония егілді

27.09.2026, 20:00 53

Түркістан облысы Көксарай ауылының тумасы туып-өскен ауылындағы 5 гектар жерге павлония ағашын екті. Кәсіпкер келер жылдан бастап дайын көшеттерді елді мекеннің көшелері мен саябақтарына да егуді жоспарлап отыр. Жалпы өңір кәсіпкерлері Президенттің Қазақстанды таза, жасыл және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз елге айналдыру туралы бастамасын қолдап, барынша үлес қосып келеді, деп хабарлайды 24KZ.


Бұл – Көксарай ауылының іргесінде жайқалып өсіп тұрған павлония. Аумағы 5 гектар. Ерекше ағаштың тамырын осы ауылдың тумасы Әбдуәлі Қуандықов биыл көктемде Өзбекстаннан әкеліп еккен. Көшеттердің бойы 6 айда 4 метрге дейін өсті. Бұған тамшылатып суарудың да септігі тиген. Кәсіпкер өзі сыртта жүрсе де туған ауылын көгалдандырып, абаттандыруға үлес қосқысы келгенін айтады.

Әбдуәлі Қуандықов, кәсіпкер:

- Ауыл халқы болып, барлығы жаппай елді көгалдандырамыз деп, көше-кешені, жолдың бәрін әр мектеп бітірген түлектер қолға алған. Үлкен ағаларымыз осы бастаманы бастаған. Біз енді сол кісілерге қолдау білдірейік деп, ауылда жоқ талды егейік деп алып келдік. Мынау тәжірибе ретінде жүріп жатыр. Жерсінсе, біз бұл жобаны ары қарай жалғастырамыз деген ойдамыз.

Көшеттерді суару үшін арнайы ұңғыма қазылып, су жинайтын тоған жасады. Жол бойындағы көшеттер де осы сумен суарылады. Жалпы Көксарай ауылдық округі – 1 ауыл, 3 елді мекеннен тұрады. Кәсіпкерлердің қолдауымен 4 ауылға да балалар ойын және футбол алаңы салынды. Енді жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар төселуде. Ауылдан шыққан азаматтар саябақ пен ардагерлер аллеясын салып берсе, мектеп түлектері көгалдандыруға күш салған.

Жақсылық Өтегенов, Көксарай ауылдық округі әкімнің орынбасары:

— Ауылымыздан өтетін облыстық маңызы бар және ішкі жолдардың бойына біршама көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп бастадық. Алғашқы жылдары 2,5 шақырым жерді игеріп, 3600-ден аса бес түрлі көшеттер отырғызылды. Кейінгі жылдары мектеп бітуші әр жылғы түлектер 10 гектар жерді қоршап, соған 15 мың түп көшет отырғыздық.

«Ауыл кәсіпкерлерінің елді мекендерді көгалдандыру мен ағаш егу жұмыстарына белсенді атсалысуы – туған жерге деген жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі», - дейді ауылдықтар. Сондықтан барлығы бірауыздан қолдады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Ауызбіршілік пен ұйымшылдық бар жерде берекелі бірлік пен тындырымды тірлік қатар жүреді. Өткен жылы Түркістан облысының тұрғындары ауыл-аймақтарды, аудан мен қалаларды көріктендіру үшін 1 млн-нан астам ағаш отырғызды. Биылғы жоспар – 1 млн 300 мың түп көшет егу. Оның жартысы көктемде отырғызылса, қалғанын қазан-қараша айларында егу жоспарланған. Ал қолында барын бөлісіп, жомарттық танытқан жандардың игі бастамасы ауыл жастарына үлгі болып, қоршаған ортаны қорғауға сеп болмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz