Жетісу облысында кейінге үш жылда қайтарылған активтер есебінен жоспарланған 29 нысанның 21-і салынып, пайдалануға берілді.
Бұлардың қатарында ауыл-аймақтағы ауруханалар, мектептер мен ауызсу жүйесі бар. Қалған 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.
Облыстық балалар ауруханасы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында салынған болатын. Содан бері ғимаратта бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселе арнайы қордан бөлінген қаражаттың арқасында қолға алынды. Құны 5,5 млрд теңгені құрайтын ауқымды реконструкция жұмыстары былтыр күзде басталған. Қазір нысандағы құрылыс аяқталуға жақын.
Қуат Маханбеталиев, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Бүгінгі таңда 95 пайыз ішкі жұмыстар бітіп тұр. 50 пайыз сыртқы жұмыстары бітіп тұр. Құрылыс қарашаның басында бітеді. Өткіземіз. Оған дейін үлгеріп жатырмыз. График бойынша ойдағыдай келе жатыр. Бізде нысанда бүгінгі күні 127 адам. Жергілікті адамдардан 50 пайызы жұмыс істеп жатыр.
Санжар Қабдыбекұлы, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- 24 нысанның құрылысына мемлекеттік қордан 29,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде 19 нысанның құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Олар – ауылдық мекендердегі дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер және медициналық пункттер. Одан бөлек, осы жаңа оқу жылында Руничный ауылындағы мектеп қолданысқа берілді.
Қайтарылған активтер есебінен мектептер мен ауруханалар мен бірге өңірдегі инфрақұрылым да кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қазір облыстағы екі ірі елді мекенде су құбырын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сарыөзек ауылының тұрғыны Жұмабике Мұстафаеваның айтуынша, ескі су құбыры жиі жарылып, тұрғындар суды ыдыстарға жинап қоюға мәжбүр болатын. Енді он жылға созылған мәселе артта қалды.
Жұмабике Мұстафаева, Сарыөзек ауылының тұрғыны:
- Үш күндей су болмайтын қалатын күн болды. Кейбір кісілерде жазда да мәселе болды, екі айлап болмапты. Біздікін бір жетіде жасап берді. Сусыз өмір жоқ. Қазір шүкір, енді суымыз ағып тұр.
Аспандияр Ғазизов, Жетісу облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
- Прокуратура органдары тарапынан әр құрылыс нысандарының салынуының әр сатысына қадағалау жүргізіледі. Аталған қадағалау шараларына міндетті түрде талдау жұмыстары жүргізіледі. Талдау шеңберінде құрылыс нысанына бару және ол жердің қалай, қаншалықты сапалы салынуына қадағалау жүргізіледі.
Жетісу облысында алдағы үш жылда жалпы құны 42 млрд теңгеден асатын 29 нысанды салу және реконструкциялау жоспарланған. Енді мердігерлерге соңғы сегіз жобаны аяқтау міндеті тұр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #24KZ #Жетісу облысы #арнайы қор #қаражатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz