RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылды

28.09.2026, 08:20 41

Ақмола облысында жыл басынан бері түрмеде жазасын өтеп жатқан 350 адам жұмысқа орналасты. Жалпы өңірде сотталғандардың 60 пайыздан астамы еңбекпен қамтылған.

Олар темір тордың ар жағында түрлі мамандықтарды меңгеріп, түзеу мекемелеріндегі өндіріс орындарында жұмыс істейді. Еңбек етіп, табыс табу арқылы мемлекет алдындағы берешегін өтеуге мүмкіндік алып отыр. Өңірде кейінгі жылдары өндіріс орындарының қатары көбейген. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Атбасар қаласындағы түзету мекемесіндегі мына май зауыты осы айдың ортасында іске қосылды. Нәтижесінде 150-ге жуық сотталушы жұмыспен қамтылды. Жазасын өтеушілер зауыт құрылысына атсалысқан.

Жазасын өтеуші:

- Біз бұл зауытты толығымен өзіміз салып шықтық. Қазір осында оператор болып жұмыс істеймін. Жалақымды отбасыма жіберіп, көмектесіп тұрамын. Түзету мекемесіндегі колледжде оқып, қолыма диплом алдым. Бостандыққа шыққан соң, дипломым бойынша жұмыс істегім келеді.

Ірі инвестициялық жоба облыстық прокуратураның ықпалымен жүзеге асырылған. Мамандар дайын өнімді Қытайға экспорттауды көздейді.

Жүсіп Батырбеков, Атбасар ауданының прокуроры:

- Қазіргі уақыта құны 400 млн теңгені құрайтын жабдықтар жеткізілді. Бұл олардың қоғамға қайта бейімделуіне, қайталама қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді деп сендіреміз.

Атбасар қаласындағы №1 түзету мекемесінде 600-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі еңбекке тартылған. Жазасын өтеушілер абақтыдағы шеберханалар мен цехтарда жұмыс істеп, табыс тауып отыр.

Қымбат Ыбраева, түзету мекемесінің бөлімше бастығы:

- Қазір біздің түзету мекемесінде оннан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Жазасын өтеушілер мамандығы бойынша сонда қызмет етеді. Жалақыларын алып, жақындарына жәрдемдеседі.

Жалпы өңірде алты түзету мекемесі бар. Онда 3 мыңға жуық адам жазасын өтеп жүр. Олардың жартысынан астамы жұмыспен қамтылған. Яғни аймақтағы абақтыларда кәсіпкерлермен арадағы келісім-шарт негізінде 42 кәсіпорын іске қосылған.

Дархан Мырзабеков, облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары:

- Ағымдағы жылдың басынан бастап, 17 бизнес өкілдерін мекемелерге жұмыс орынын ашу үшін жұмысқа тарттық. Олар бізге 250 жұмыс орынын ашып берді. Сонымен қатар шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің өнеркәсіптерін одан әрі ұлғайтып, 100 жаңа жұмыс орынын ашып берді. Жылдың басынан бастап 350 жаңа жұмыс орны ашылды.

Қазір облыстағы түзету мекемелеріндегі өндіріс ошағының аумағы – 25 мың шаршы метр. Қазір соның жиырма мыңы игеріліп, түрлі цех пен зауыттар ашылған. Енді мамандар қалған 5 мың шаршы метрді пайдаланып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz