Алашахан мен Жошыханның басына бару мұң. Ұлытаудағы тарихи орындарға апаратын 22 шақырымдық аралықтың тас-талқаны шыққан. Бұл жол арқылы қазір 60 тонналық көліктер тас тасып жатыр.
Сөйтіп, Жезқазғанан Қызылордаға жол саламыз деп басқа жолды құрттық.
Малшыбай ауылын облыс орталығымен жалғайтын жалғыз жолдың бүгінгі күйі осы. Жеңіл көліктерді былай қойғанда жол талғамайтын көліктердің өзі зорға жүреді. Тұрғындар: «Қаладан шыққан көлікті ауылға жеткенше алаңдап отырамыз», - дейді.
Нұрлан Бегімов, Малшыбай ауылының тұрғыны:
- Ауылда дүкен де жоқ. Жұрттың бәрі қаладан азық-түлік тасиды. Жолдың бәрі нашарлап бара жатыр. Өйткені үлкен көліктер жүреді. 60 тонналық, 50 тонналық көліктер жүріп бүкіл жолды езіп, осындай жағдай болып жатыр.
Жолдың мұндай күйге түсуіне ауыр жүк көліктері себеп болған. Екі айдан бері осындағы Қыпшақбай карьерінен Қызылорда жолынын жаңғыртуға материал тасып жатыр. Содан бері қатынас қиындап кеткен. Бұл жолдың бойында бірнеше шахта мен жеке шаруа қожалықтары бар. Малшыбай ауылының іргесінде Алашахан кесенесі, одан әрі Жошы ханның кешені тұр.
Ермек Мүсеев, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Сарыоба, Итауыз, Қарашошақ, Ақши бар сайман тасимыз. Жолдың түрі мынау. Құртатын үлкен көліктер. Тас тасығаннан бастап осылай болып жатыр. Шахтерлар, автобустар бәрі осымен жүреді. Автобустарға обал.
Салаға жауапты мамандар ауыр салмақты көліктердің бұл жолмен жүруіне ресми рұқсат берілгенін айтады. Себебі елдің оңтүстігімен жалғайтын Қызылорда жолын жылдам аяқтау қажет. «Негізгі трассаның құрылысы біткен соң, бұл жолды қалпына келтіріп береміз», - дейді.
Жомарт Бегаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Құрамы жақсы болғандықтан, Қыпшақбай карьерінен тас тасылған болатын. Ол жерде үлкен көліктер жүрді. Сол себепті жолдың жағдайы өте нашар күйге түсті. 7 қазанға дейін толық тасып, бітіріп алады. Жетінші қазаннан бастап, жол салып жатқан қытай мекемесінің техникалары, "ҚазАвтоЖол" компаниясынан тартылады, біздің басқармадан тартылады және Kazakhmys компаниясы көмек береді. Жолды қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз.
Облыстық басқарма жолдың ең нашар бөлігін қар түскенше тегістеп береміз деп сендірді. Ал келер жылы Сәтбаев қаласынан Малшыбай ауылына дейін 64 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Оған облыс қазынасынан 1 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев
Тегтер #24KZ #Ұлытау облысы #тарихи нысан #жол жөндеуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz