Астанада «Жалған нөмір» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жалған және оқылмайтын нөмір тағу, қауіпті маневр жасау, дрифт және өзге де жол ережесін бұзу бойынша 375 дерек анықталды, деп хабарлайды 24KZ Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Көлік құралын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқарудың 8 фактісі анықталды. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын көлік құралын басқарудың 51 фактісі тіркелді. Тағы 92 жүргізуші көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланған, – деп хабарлады елордалық полиция департаменті.
Бұдан бөлек, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамауға және қауіпсіздік белдігін тақпауға қатысты 162 заң бұзушылық тіркелді. Тағы 13 жүргізуші көлікпен қарсы бағыттағы жолаққа шыққан.
Рейд қорытындысы бойынша 58 көлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция қауіпті маневр мен дрифтке де ерекше назар аударған. Шәмші Қалдаяқов көшесінде екі жүргізуші көлікпен дрифт жасап, жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген.
20 және 19 жастағы жүргізушілердің әрқайсысына сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындалды. Олардың көліктері де арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Тағы бір жағдай Астана – Қарағанды тасжолында тіркелді. Полиция 34 жастағы жүк көлігінің жүргізушісін тоқтатқан. Ол фото және бейнетіркеу камераларына жақындаған кезде арнайы механизмнің көмегімен мемлекеттік тіркеу нөмірін төмен түсіріп, оны камераға түсуден жасырған.
Сот шешімімен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамалды.
Тегтер #24жаңалықтар #Астана #жол қозғалысы #Жалған нөмір #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz