Арал, Сырдария мен Қамбаш көліне биыл 12 млн-нан астам шабақ жіберіледі, деп хабарлайды 24KZ.
«Жаһандық климат өзгеріп жатқан шақта су айдындарын балықтандыру маңызды», - дейді мамандар. Өңірде балық қорын көбейту шаралары күшейтілді.
«Жаһандық климаттың өзгеруі Сырдарияның суын азайтты», - дейді сала мамандары. Арал мен маңайындағы ірілі-ұсақты көлдерге осы өзеннен су келеді. Су азайса, балық та сиреп кетеді. «Су айдындарындағы тіршілікті сақтаудың бір жолы — жиі балықтандыру», - дейді мамандар.
Нұрлан Санбаев, Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының Арал филиалы меңгерушісі:
- Судың көлемі жылдан жылға енді тұрақсыз гидрологиялық жағдайды кешуде. Енді алдағы уақытта су келіп, деңгейі 42 метр Балтық жүйесіне дейін жететін болса, балықтардың өнімділігі де, әрине, артатын болады. Ғылыми тұрғыдан айтатын болсақ, теңіздің тұздылығы мына қазіргі таңдағы тоғанда өсіп жатқан балықтардың суына, тұздылығына біршама қарайлас болып келеді.
Аралдан жыл сайын 6 мың тоннаға жуық балық ауланады. Жергілікті халық үшін бұл — ата кәсіп. Табиғат байлығының қорын толықтырып отыру қажет. Бұл міндетті Арал ауданындағы «Қамыстыбас» балық өсіру тәлімбағы жүзеге асырады. Ондағы тоғандарда жыл сайын 12 млн-нан астам балық шабағы өсіріледі.
Есенбай Есіркепов, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК директоры:
- Мамыр айынан бастап, бірінші күнінен бастап, уылдырық алу жұмыстары жүреді. Уылдырықтан дернәсіл шығарамыз. 40 млн 28 мың дана дернәсіл шығарып, тоғандарға балықтандыру жасадық. 7 тоғанға. Енді содан 12 млн күтеміз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Арнайы көліктермен жеткізілген мынадай миллиондаған балық шабағы табиғи ортаға дәл осылай жіберіледі. Оның 60 пайызына жуығы Арал теңізіне, қалғаны Сырдария өзені мен Қамыстыбас көлдер жүйесіне бөлінеді.
Алмат Ералин, Арал балық инспекциясы бөлімі басшысының м.а:
- Орташа салмағы 20 грамм құрайтын 12 млн балық — бір жаздық шабақтары, орташа салмағы 150 грамм құрайтын 422 мың — екі жаздық балық шабақтары салмағы арнайы құрылған комиссия мүшелерінің қатысуымен өлшеніп, мемлекеттік тапсырыс бойынша тиісті салмағына жеткендігі анықталып, осы аталған іс-шара бойынша балық шаруашылығына маңызы бар су айдындарын дамытуға оң ықпал етеді деп сенеміз.
Соңғы жылдары өңірде табиғи өзен-көлдерден балық аулауға қарағанда, қолдан балық өсіру ісіне басымдық берілуде. Мәселен, былтыр 1400 тонна тауарлы балық өсірілсе, биыл бұл көрсеткіш екі есе артты. Ал 2030 жылға қарай өңірде балық өсіру көлемін 16 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #24KZ #Қызылорда облысы #балықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz