Солтүстік Қазақстан облысындағы Троицкое ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр.
Елді мекен арқылы өтетін облыстық маңызы бар 2 жолдың да тозығы жеткен. Жауын-шашынды күндері қатынас үзіліп, ауданаралық автобустар тоқтап қалады. Қиындық көрген тұрғындар редакциямызға хабарласып, шағым айтты.
- Троицк - Архангельское, отмена рейса, не поеду. Дорога очень плохая, машину заносит.
Троицкое ауылы үш жолдың қиылысында тұр. Соның бірі аудан орталығы Пресновкаға апаратын күре жол. Алайда жаңбыр жауса, бұл бағытта қатынас үзіледі. Тұрғындар күн райы қолайлы күндері де көліктің жылдамдығын арттыра алмаймыз дейді. Себебі шұрық-тесігі шыққан жолмен жүру оңай емес.
Мария Моисеенко, ауыл тұрғыны:
- Бізге автобус тек Пресновкадан келеді. Оның өзі жаңбыр жауған күндері қатынамайды. Өйткені батып қалады.
Ауыл тұрғыны Александр Попов жолда жиі жүреді. Жолда тұрып қалмас үшін көлік жөндеуге қажетті құрал-саймандарын тастамайды.
Александр Попов, ауыл тұрғыны:
- Қиыршық тас төседі, ия, батпақтан құтылдық, Бірақ енді көлігімізге зақым келіп, дөңгелегіміз жиі жарылатын болды. Дөңгелегіміздің сапасы жақсы болса, әйтеуір амалдап өтеміз.
Биыл мердігерлер ауылішілік жолды жөндеп, тапсыруы керек еді. Жұмыс мерзімінен кешігіп жатыр. Мамандар бұған ауа райының қолайсыздығы мен облыстық жолдардың сапасының нашар болуы себеп дейді.
Виктория Ерофеева, Троицкое ауылдық округінің әкімі:
- Березовка көшесіндегі жұмыс кестеден кешікті. Наурызда басталуы тиіс еді. Бірақ алдымен қар, артынша жаңбыр жауды. Кейін облыстық жол жабылып, ауыр жүк көліктері жүрмеді. Жол кепкен соң ғана қажетті материалдарды таси бастадық.
Жол басқармасы бұл мәселеден хабардар. Айтуларынша, ауылға апаратын екі жолға орташа жөндеу жасау үшін техникалық құжаттама дайын. Алайда тұрғындар күткен асфальт жол төселмейді.
Самат Ақжігітов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Заң бойынша, көлік аз жүретін жолдарға асфальт – бетон жабыны төселмейді. Ал бұл жолдардан тәулігіне 500 көліктен аз өтеді. Сондықтан, құм мен қиыршық тас төсейміз.
Жауапты мамандардың айтуыша, жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады.
Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #СҚО #жол мәселесі #троицкое #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz